Маралдының болашағы не болмақ?

Павлодар облысында талай тынығушыны тамсандырып, кейін жұмысы тоқтаған Маралды көлінде туризм қайта жанданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұрынғы инвестор үш маусым бойы турист қабылдап, былтыр бірегей көлді тастап кеткен. Биыл жаңа кәсіпкер табылып, қомақты қаржы құюға әзір. Маралдының болашағы қандай болмақ?

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Бүгін ауа райы сәл қолайсыз. Дегенмен бұл бірегей Маралды көлінің сұлулығымен тамсануға кедергі емес. Осы жерде туристік маусым тура бір айдан кейін басталады. Қазіргі уақытта инвестор табылып, бірегей көлді қалыпқа келтіруде. Мамандардың есебінше, бір жаз кезеңінде 70 мыңнан астам турист келеді.

Маралды көліндегі демалыс орны үш маусым бойы жұмыс істеді. Бірақ кенеттен жұмысы тоқтатылды. Миллиондаған қаржы құйған инвестор жылдар бойы салған инфрақұрылымның бәрін бұзып, дәретханаға дейін алып кетті. Себебі, бизнесменге тұзды көлде тіршілік ететін артемия салина шаяндарын аулауға рұқсат етілмеді. Ал балшығы мен суы шипа көл қаңырап қалды.

Мұзафар Әлімбаев жырға қосқан Маралды көлінің бүгінгі жағдайы осы. Бұрынғы инвестор артынан қоқыстан басқа ештеңе қалдырмапты. Енді ішкі туризмді дамытуға бет бұрған кәсіпкер курорттық аумақты қалпына келтіруге ниетті. Тұзды көлдің жағалауы абаттандырылып, демалушыларға қолайлы жағдай жасалмақ.

Гүлмира Отарғалиева, инвестор:

– Көл аумағына кірудің ең арзан бағасы бір адамға – 700 теңге. Ең қымбаты – 1500 теңге. Жобамыз үш жылға шақталған. 2023 жылы демалушыларға арналған үйлер салынады. Яғни қысы-жазы жұмыс істейтін курортқа айналамыз. Арманымыз – «бәрі енгізілген» жүйе бойынша жұмыс істеу.

Көлдің жағалауында үш демалыс орны құрылады. Кез келген тынығушы қалтасына қарай таңдау жасай алады. Басты мақсат – әр туристің көңілінен шығу. Демалыс орнында санитарлық нормалар қатаң сақталады. Бір демалушыға әлеуметтік қашықтық, яғни төрт метрлік аумақ қарастырылған. Туристердің қауіпсіздігі де баста назарда болады. Жағалауда полицейлік және медициналық бекеттер ашылады.

Әнуар Қылышбеков, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы департаментінің директоры:

– Жоба әлеуметтік сипатқа ие. Бастапқы кезеңде абаттандыру мен демалысты ұйымдастыруға 80 млн теңге бөлінген. Жазғы туристік маусымда жаңа жұмыс орындары ашылады. Басым бөлігі – жергілікті тұрғындар. Үш жыл ішінде жоба өзін-өзі ақтап шығуы тиіс.

Жалпы, өңірде жыл бойы туризмді дамытуға ден қойылады. Емдік-сауықтыру, киелі жерлерге саяхат және өндірістік, танымдық туризм сияқты бірнеше бағыт таңдалған. Жобаны Торайғыров университетінің ғалымдары жетілдірген. Мамандардың пайымдауынша, өңір туризмі тек Баянауылмен шектелмеуі тиіс. Аймақта өзге де көрікті жерлер мен рухани орындар жетерлік.

Динара Есімова, Toraighyrov University география және туризм кафедрасының меңгерушісі:

– Үш жобаны жүзеге асыруды ұсынамыз. Біріншісі – интерактивті реверфронт. Екіншісі – музейлік ваучер. Үшінші жоба – Павлодар арбаты. Алғашқы жобы аясында Ертіс жағалауында интерактивті ақпараттар орнатылады. Екіншісі бойынша облыстағы музейлер бойынша эксурсиялар жасалады. Ал үшінші жоба негізінде орталық жағалауда шығармашылық шаралар ұйымдастырылады. Бұның бәрі танымдық туризмге жатады.

Туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасы жуырда таныстырылды. Жоба бойынша қызмет көрсету сапасы 11 есеге арттырылады. Сонымен қатар 5 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылады. Маңызды жоба тиісті деңгейде жүзеге асатын болса, облыс ішіндегі демалыс орындарының саны артады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Марат Игіліков