Сыр өңірінде арақ-шарап сатылмайтын ауыл бар

Қызылорда облысының Шиелі ауданында арақ-шарап сатылмайтын ауыл бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мыңнан астам тұрғыны бар Жиделіарық ауылындағы дүкендер ащы суды сатудан бас тартқан. Есесіне елді мекенде соңғы 1,5 жылда қылмыс тіркелмеген. «Бұл – ауыл ақсақалдары мен полицейлердің бірлесе атқарған жүйелі жұмысының жемісі», –дейді тұрғындар.

Жиделіарық ауылына кірген бойда, алғаш ұшырасқан тұрғыннан «ауылда арақ-шарап сатыла ма?» деп сұрадық. Бізге кезіккен Асылхан Сәденов қазақтың дәстүрімен дәм ұсына отырып, ауылдастарының ащы суды емес, ағарғанды көп ішетінін мақтанышпен айтып берді. Өзі көше жастарының тәртібіне де жауапты екен. 

Асылхан Сәденов, Жиделіарық ауылының тұрғыны:

– Мысалы, екі адам мына көшеге қараймыз, мен солардың бірімін. Келесі көшеге бір-екі адам қойып қойған, әр көшеге солай. Балалар тәртіп бұзса, қоқыс шашса, оның дұрыс еместігін айтып ескертеміз.

Ауылдағы дүкендерді араладық. Расында алкоголь жоқ. Тіпті бір дүкен иесі темекі де сатпайтынын айтты. 

Бибайша Ысқақова, жеке кәсіпкер:

– Былай сырт жерлерде мақтанамын, «біздің ауылда арақ ішіп, қисаңдаған, ұрыс-төбелесшығарып жатқан ешкім жоқ» деп. Сырттан келген жұмысшылар темекі сұрайды. «Темекі сатпаймын» деймін. «Өй, темекі сатпайтын қандай дүкен» деп кетеді.

Жиделіарықта соңғы 1,5 жыл көлемінде бір де бір қылмыс болмаған. Ауылда «Сақшы-сарбаз» бірлестігі бар. Олар күн сайын елді мекеннің іші-сыртын аралап, ахуалды қадағалайды екен. «Ақсақалдар да ақыл-кеңесін айтып отырады», – дейді учаскелік полиция инспекторы Тоқтарбай Дулатов. 

Тоқтарбай Дулатов, учаскелік полиция инспекторы:

– Ауылдың ақсақалдарымен тығыз байланыстамыз. Ауылдың ахуалын мектепке әрдайым тоқсанына бір рет жиналыс өткізіп, жасөспірімдердің қылмысының алдын алу мақсатында. Тағы басқа сондай түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Ішімдік сатылмаса, жастар жаман әдетке үйір болмайды. Бос уақыттарын салауатты шараларға арнап, пайдалы іспен айналысады. «Бұл жас буынның болашағы үшін маңызды», – дейді ауылдықтар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов