Жыл басынан бері көп балалы отбасыларға 92,8 млрд теңге жәрдемақы төленді

2021 жылғы қаңтардан сәуірге дейін көп балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы төлемдерімен жалпы сомасы 92,8 млрд теңгеге орта есеппен 440,1 мың отбасы қамтылды.

2021 жылғы сәуірде жәрдемақының бұл түрін 448,9 мың отбасы жалпы сомасы 23,6 млрд теңгеге алды, деп хабарлады ЕХӘҚМ баспасөз қызметі.

Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.

Төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты сараланған: 4 балаға 46 760 теңге, 5 балаға 58 457 теңге, 6 балаға 70 154 теңге, 7 балаға 81 852 теңге, 8 балаға 93 344 теңге, 9 балаға 105 012 теңге, 10 балаға 116 680 теңге, 11 балаға 128 348 теңге, 12 балаға 140 016 теңге, 13 балаға 151 684 теңге, 14 балаға 163 теңге 352 теңге, 15 балаға 175 020 теңге, 16 балаға 186 688 теңге төленеді.

Еске сала кетейік, көп балалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көп балалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген болатын.