Түркістан облысында жайылымдық жер жетіспейді

Түркістан облысында жекенің меншігіне жалға берілген учаскелерді қайта тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, Қазығұрт ауданының өзінде 10 мың гектарға жуық жердің мақсатты игерілмегені анықталған. Қазір оның 3,5 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылып, жайылымдық жерлер тұрғындарға берілді. Себебі соңғы уақыттарда мал басының өсуіне байланысты жайылым тапшылығы өзекті мәселеге айналды.

Кәрімжан Ахатаев: «ауылдағы мал басы көбейгенімен, тынысымыз тарылып барады», – дейді. Себебі өріске жолдың жиегіне ғана айдауға болады. Қалған қара жердің өз егелері бар көрінеді. Учаскелеріне малдың түскенін көрсе, айыппұл төлететін тыйым салушылар көбейген.

Кәрімжан Ахатаев, малшы:

– Жайылым жоқ. Айналаның бәрі егін. Амалдап азаннан кешке дейін қуалаймыз да жүреміз сол. Қайдан тояды. Көріп тұрсың ғой жердің бәрі тып-тықыр. «Биыл бәрін шешеміз» депті ғой. Сол естігеніміз. Соған сеніп жүрміз ғой.

Қарабау ауылының тұрғындары жайылым мен шабындықтың азайып, шаруалардың бірқатар қиындыққа тап болғанын айтады. Олар жергілікті билік өкілдері төрт түлікті көбейту бар жерде, оны күтіп-баптау да қатар жүретінін ұмытты деп қынжылады.

Алмас Қалдыкөзов, ауыл тұрғыны:

– Жаятын жер жоқ. Шабынды жер бәрі. Төбеден ары қарай Ақбастау деген шабынды жер. Сондықтан аса алмаймыз. Осы жерлерде жүреміз. Тып-тықыр боп кеткен. Басқа жайылым жер жоқ.

Қазығұрт ауданында 300 мыңнан астам уақ мал, 8 мыңға жуық ірі қара мен 300 мыңға жуық жылқы бар. Аудан әкімінің орынбасары жайылым тапшылығын мал басының көбейгендігімен байланыстырады. Сәйкесінше соңғы жылы тұрғындардан түскен шағымдар көбейген. Жер телімдерін тексеріп, жайылымға келген қиындықты жою үшін арнайы комиссия құрылды. Нәтижесі де жаман емес.

Тайбек Қалымбетов, аудан әкімінің орынбасары:

– Аудандық прокуратурамен бірлесіп ветеринариялық қызмет мекемесін де жұмылдырып жатырмыз. Неге десеңіз, бізге мал басы мен сырғасының санын береді. Жыл соңына дейін тағы да 3,5 мың гектар меже қойғанбыз. Мұнымен тоқтап қалмаймыз.

Прокуратура қызметкерлері 10 мың гектарға жуық жер жыл соңына дейін қайтарылады деп отыр. Әзірге кәсіпкерлер дау-дамайсыз ерікті түрде жер телімдерін өткізіп жатыр. Әйтпегенде жерді жалға алып игермегендердің мәселесі сотта қаралады.

Қанат Базарбаев, Қазығұрт ауданының прокуроры:

– Жылдың аяғына дейін жоспарлануда 7 мыңнан астам гектар жерін қайтару. Оның ішінде ауыл арасы жайылымдар ортақ. Оған аса назар аударылуда. Бірлесіп жұмыстар атқарудамыз. Оң нәтижесі болады деп сенеміз.

Ауыл тұрғындары бұл бастама аяқсыз қалмай, жайылымдық жер мәселесіне нүкте қойылады деп сенеді. «Өйткені төрт түлікті қорада ұстап, шығын көлемі артып барады», – деді амалы таусылған жұрт.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...