Қызанақтан шыққан вирусқа байланысты жылыжайдың барлығы тексеріледі

Түркістан облысында қызанақтан шыққан вирустың салдарынан барлық жылыжайда тексеру жұмыстары жүргізілмек. Бұл үшін арнайы Сарыағаш ауданына ПТР тестілеуі жеткізілді.

Еске салып өтсек, ауданда «қызанақ жемісінің қоңыр қатпарлы вирусы» тіркеліп, экспортқа кері әсерін тигізіп жатқанын айтқан едік. Шаруалардың жанайқайын тыңдап, мәселемен танысу үшін ауданға ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекцияның мамандары барды.

Айтуларынша, фитосанитарлық карантинді бақылау нәтижесінде қызанақ пен бұрыштың қауіпті патогенді карантиндік вирусы анықталды. Ол «Республикалық өсімдіктер карантині орталығы» мемлекеттік мекемесінде расталды. Агрессивтілігі мен таралу жылдамдығына байланысты бұл вирус жылыжайлар үшін өте қауіпті екен. Аймақтағы жағдайдың одан әрі нашарлауы мен вирустың таралуының алдын алу үшін Түркістан облысының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары қызанақ жемістерін өңдеу және жою туралы нұсқаулық шығарды. Эпидемиялық ошақтарда тиісті карантиндік шаралар жүргізіліп жатыр. Ал зардап шеккен диқандарға өтемақы төлеу мәселесі алдағы уақытта шешімін табады.

Алмабек Марс, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:

- Ғалымдармен бірге ақылдасып, расында шығын өте көп. Шығынды өтеу үшін орнын толтыру егер де керек десе, онда ондай шешімге де барамыз. Біз айтып отырмыз ғой бактериальный ожог Алматы облысында, Жамбыл облысында болғанда біз арнайы өтеу төлеп, бюджеттен қаражат бөлгенбіз. Сондықтан бұл сұрақты әлде де көтеріп, бір шешімге келетін боламыз.