427,23 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жезқазғандағы амфитеатрды кім көрінген қиратып жатыр

  • 375
  • UPD: 20:38, 24.05.2021

Жезқазған қаласындағы әйгілі амфитеатр қазір қаңырап бос тұр. Қараусыз қалған мәдени нысанды кім көрінген қиратып жатыр. Бюджеттің миллиондаған қаржысына салынған сахна үш жыл бұрын халықаралық «Жезкиік» фестивалінде сән-салтанатпен ашылған еді. Бірақ нысан толық аяқталмаған. 

Осыдан небәрі үш жыл бұрын салынған ашық аспан астындағы әйгілі амфитеатрдың қазіргі сиқы мынау. Маңайында қоқыс шашылып жатыр. Ал құрылыс материалдары қирап біткен. Орындықтары да тозып тұр.     

Нұрай Ахмет, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Осы жерге келген кезде тамсанып қарайтындай дүниелерді істеу керек деп ойлаймын. Жалпы фотозона деген сияқты, қоршауға алып, адамдар сындырмайтындай етіп және орындықтарды, барлығын жаңарту керек.   

Кеңгір жағалауындағы бұл мәдени нысанда 2018 жылы халықаралық «Жезкиік» этнофестивалі өткен болатын. Классикалық музыка кешінде әлемге танымал опера жұлдыздары ән шырқап, мысты өңірдің жұртын жауһар жырларымен сусындатқан еді. Құрылысқа 100 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Өкінішке орай, алаулатып-жалаулатып ашылған жазғы театрда осылайша фестиваль бір-ақ рет өтті. Содан бері қаңырап бос тұр. Себебі құрылыс жұмыстары аяқсыз қалып, нысан асығыс ашылған. Жергілікті қоғам белсендісі Мақпал Орынбетова осылай деді.

Депутаттың айтуынша, жоба әу баста дұрыс ойластырылмаған. Сол кездегі облыс әкімінің тапсырмасымен мұнда көрермендер отыратын екінші қанат салынуы тиіс еді. Мердігер жобаны қайта жасағанымен жергілікті билік оны керек қылмапты.

Мақпал Орынбетова, қалалық мәслихат депутаты:

- Бюджеттік тұрғыда бұл иә, біткен объект. Ал бірақ заңды тұрғыда бұл бітпеген объект. Бұл ілулі тұрған объект әлі. Иесіне көшпеген, яғни иесіз жатқан деп айтуымызға болады. Қазіргі жағдайы осы амфитеатрдың кісі аяйтындай жағдай. Ішің удай ашиды. Желге кетіп жатқан қаржы. Бюджеттің ақшасы болған соң ешкімнің жаны ашып тұрған жоқ сияқты осыған. 

Қазір мәдени нысан қараусыз. Маңайында ешқандай күзет жоқ, бейнебақылау да орнатылмаған. Ал қираған дүниені қалпына келтіру үшін қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі тендер жариялаған. Бірақ жеңімпаз кеш анықталыпты. Енді ол компания 40 миллион теңгеге театрдан бөлек бірнеше аллеяны да жөндеуі тиіс.

Ержан Есетов, Жезқазған қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Соның жеңімпазы сол ротонданы күтіп ұстайды. Дефект жерлердің бәрін көріп, талдап, көрсетті кемшіліктерді. Ол соның бәрін тез арада қалпына келтіремін деген уәдесін беріп отыр.

Ал жобаға түзету енгізу туралы облыс әкімінің ұсынысы не себепті аяқсыз қалғанын бөлім басшысы түсіндіріп бере алмады. Ол бұл жағдайдан бейхабар екенін, қызметке өткен жылдың қарашасында ғана келгенін алға тартып отыр.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы