Қостанай облысындағы ауылда интернеттің болмауы балалардың біліміне әсер етті

Ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығынан оқушылардың білімі таяз, ал цифрландыруға көшкен шаруалардың заманауи техникасы қаңырап бос тұр. Бұл Қостанай облысындағы Үштоғай ауылы тұрғындарының жанайқайы. Былтыр шенеуніктердің салғырттығынан елді мекен «250 плюс» бағдарламасына кірмей, байланыс аясынан тыс қалды. Ауыл жұрты сымсыз желіге қашан қосылады? Мәселе шешіле ме?

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Үштоғайда бірінші болып алыстан көзге түсетін осы байланыс мұнарасы. Нысан осыдан 8 жыл бұрын тұрғызылған. Сол кезде тұрғындар қуанышында шек болмады. Барлығы стационарлы телефонға қосыла бастаған. Қазір абоненттер саны Степняк ауылын қосқанда 75-ке жуықтайды. Өкінішке орай, ұялы байланыс әлі күнге қолжетімсіз. 

Әзірге тек мектеп арқылы өркениетпен байланысқа шығу мүмкіндігі бар. Оның өзінде кең жолақты интернет мұғалімдер үшін қолжетімді. Бірақ ол да сын көтермейді. Жылдамдығы төмен. Мысалы, география пәнінің мұғалімі Жігер Арыстанбек күні бойы компьютерден көз алған жоқ. Қанша тырысқанымен «Күнделік» электрондық порталына кіре алмады.    

Жігер Арыстанбек, Үштоғай негізгі орта мектебінің мұғалімі:

- Кейде бір-екі күн интернет болмай қалатын уақыт болады. Оқушыларға қосымша сабақ беру барысында біздің кешкі 8, 9, тіпті 10-ға дейін қалып қоятын уақыттар болады.

Оқушылардың да арманы интернет. Бәрі жазғы демалысты күтумен жүр. Қалада немесе ұялы байланыс ұстайтын басқа ауылда ғаламтор көмегімен білімдерін толықтыруға ниетті.

Дәмір Ғазез, Үштоғай негізгі орта мектебінің оқушысы:

- Интернет бізге өзіміздің білімімізді жетілдіруге және басқа да өтпеген тақырыптарды үйреніп, өскенде жақсы маман болғанымызға көмектеседі. Сондықтан мен ғаламтор болғанын қалаймын.

Жас фермер Бексұлтан Сәндібековтің де айтары бар. Ауылдағы ұялы байланыс проблемасын көтеріп, бастамашыл топ та құрған. Байланыс орнатуда кейбір материалдық шығынды өз қалтасынан өтеуге де дайын. Меншігінде 25 мың гектардай егіс алқабы, су жаңа цифрландырылған ауыл шаруашылығы техникасы бар. Бірақ ақылды технологиялармен қамтылған машиналар паркте қаңырап тұр. 

Бексұлтан Сәндібеков, шаруа қожалығының иесі:

- Қазіргі кезде фермер деген қорада жүретін адам емес. Компьютердің алдында да отырып жұмыс істейтін адам. Жаңа техника алдық. Оның жемісін дұрыстап көре алмаймыз. Интернет болмағасын. Спутник арқылы жұмыс істейтін көп зат бар. Жаңа фермерлерге арналған бағдарламалық қамтамасыздандырулар бар.

Ұялы байланысты көлік иелері де тағатсыздан күтеді. Қазір Амантоғай мен Дәмді ауылының арасындағы 70 шақырым байланыс аясынан тыс жерде жатыр. Бұл аумақпен жылдың кез келген мезгілінде қозғалу қауіпті. Сол себепті көлік өте сирек жүреді.

БЛИЦ   

- Машина тұрып қалса хабарласа алмайсың. Көлік шақырта алмайсың. Біз қыста жүреміз. Болады ондайлар. Тұрып қаламыз мына жерде.

- Ақтүтек боранда телефонмен құтқарушыларды, жедел жәрдем қызметін шақырта алмайсың. Жол сонысымен қауіпті. 

Халық санының аздығынан Үштоғай ауылы былтыр «250+» бағдарламасына ілікпей қалған еді.

Есілхан Тәшімов, Үштоғай ауылдық округінің әкімі:

- Жылдың басында халық саны 250-ге жетпеген. Жыл ішінде адамдардың келуімен, есепке отыруымен толықты да 2020 жылдың 1 қазанында бізде 286 адам болды. Осы бағдарламаға енгізу жайында хаттар жолданды жоғары жаққа. Ол 2020 жылдың аяғы болғандықтан облыстан жауап келді. Жылдың аяғы болғандықтан 2020 жылға сіздер енбей қалдыңыздар деген.

Үштоғайды қайта қосу бойынша салалық ведомствоға өтініш биыл да жолданған. Әзірге ешқандай хабар жоқ.

Абай Шүкенов, Амангелді ауданы әкімі аппаратының басшысы:  

- «+250» бағдарламасы аясына енгізу жөнінде бізден төрт елді мекен қосылған. Соның екеуінде 2020 жылы орнатылды тиісті қондырғылар. Халық тұтынып соның қызметін көріп отыр. Сондықтан бағдарлама 2021 жылы жалғасын тапса, ауылда мобильді байланыс мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

Егер Үштоғайға ұялы байланыс жетіп жатса, онда жақын жердегі тағы үш ауылдың тұрғындары да оның игілігін көреді. Бұл шамамен мыңнан аса жаңа абонент қосылады деген сөз. 

Автор: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров