427,15 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушісі жетіспейді

  • 95
  • UPD: 21:13, 24.05.2021

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілері жетіспейді. Автобусқа мың бес жүз, троллейбусқа жүзге жуық маман керек.

«Қоғамдық көлік жүргізуге рұқсат беретін санатты алу өте қиын, сондықтан жүргізуші жоқ» дейді салаға жауаптылар. Оған қоса еңбек өтілі болуы шарт. Бұл мәселе тек жол қауіпсіздігіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы шешіледі. Қазір ұсыныстар әзірленіп жатыр.

Алматылық автобус жүргізушілері кесте бойынша екі күн жұмыс істеп, екі күн демалуы тиіс. Ал оны алмастыратын кісі ауырып қалса немесе жұмыстан кетсе жағдай тіптен қиын. Өйткені жүргізуші тапшы. Оған себеп қоғамдық көлікті айдауға қажетті санат екінің бірінде бола бермейді.

Нұржан Алтынбеков, автобус жүргізушісі:

- Бізге гармошкаға Д мен Е керек. Өйткені бізге прицеппен есептеледі ғой артқы жағы. Соған категориясы жоқ болғандықтан бізге водительдер жетіспейтін шығар деп ойлаймын өз басым. Қазіргі таңда көбінің категориясы аздау деп есептеймін. Стажға да байланысты. 5 жылдан кем болмауы керек.

2014 жылы шыққан «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес қоғамдық көлікті нақтырақ айтқанда автобус пен троллейбусты жасы 25-ке толған азаматтарға жүргізуге рұқсат. Оның өзінде Д санатында 5 жыл, ал Д1 санатында 3 жыл еңбек өтілі болуы керек. Оған қоса Е санаты болуы тиіс. Жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын мекеме басшыларының айтуынша, жұмыс істегісі келетін жүргізушілер осы талаптарға сай келмейді.   

Мақсат Сафиев, автопарк директоры:

- Бүгінгі күні бізде жүргізушілер жетіспейді. Жүргізушілер бар. Бірақ заңға қатысты шектеулерге байланысты жұмысқа кіре алмайды. Д санаты болу керек. Оған қоса жүргізушілік өтілі болуы тиіс. Ол оны қайда жүріп жұмыс істеп жинайды. Сол жағы түсініксіз. Д1, Д-дан басқа бізге Е санаты бар жүргізушілер керек. Олар үлкен көлемді 18 метрлік  автобустарға қажет. Оның жүргізушілерін бүкіл Қазақстан бойынша іздейміз десем өтірік айтпаған болар едім.

Троллейбуста да дәл осындай жағдай. Парк 2013-2014 жылдары 90 жүргізушіні оқытып, жұмысқа қабылдаған. Бүгінгі күні сол адамдар еңбек етіп жатыр. Жүргізуші мұнда да жетіспейді. Қазіргі күннің өзінде 100-ге тарта жұмыс орыны бос тұр. Бірақ келем деген адамда «Tb» санаты болуы тиіс.

Руслан Құдайбергенов, троллейбус паркінің директоры:

- Иә, қазіргі уақытта жүргізушілер жетіспейді. 2025 жылға дейін 32 адам зейнетке шығады. Олардың орнына кім жұмыс істейді? Ол жағы белгісіз. 2014 жылға дейін жасы 21-ге келген азаматты әрі қарай біз өзіміз 3 ай оқытып алатынбыз.  Д1, Д санатын сұрамайтын.  Бірақ ол жеңілдік деп саналмайтын. Міндетті түрде тәжірибеден өтетін. Қазір паркте 300-ге жуық жүргізуші бар. Оның 30 проценті әйелдер. 

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығынан әкімдіктегілер де хабардар. Осы салаға жауапты мамандар оны тек заңға өзгерістер енгізіп ғана ретке келтіруге болады, деп санайды.

Жәнібек Мананбаев, қалалық мобильділік басқармасының бас маманы:

- Осы мәселерді шешу үшін Д және «Tb» санатын алу процедурасын жеңілдету тұрғысынан жол қауіпсіздігі саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша өзгерістер әзірленуде.   

Жыл сайын қала халқы өсіп жатыр. Бүгінде мегополисте жүргізушімен қоса мыңға жуық автобус жетпейді. Десе де, биыл Алматы паркі тағы 630 жаңа автобуспен толығады деген жоспар бар. Қазір күнделікті жолаушыларды тасымалдауға қала көшелеріне екі мыңға тарта қоғамдық көлік шығады. 

Авторлар: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы