Алматының Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотрек қалпына келтіріледі

Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотрек қайта қалпына келтіріледі. 40 жыл тұрған нысан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Астана Моторс» компаниясының қолдауымен күрделі жөндеуден өтеді. Шара барысында Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапанов велотректі қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар велоспортқа қолдау көрсету жолдары талқыланды.

Орталық саябақтағы бұл велотрек 1980 жылы салынған. 40 жылдан асқан нысанның әбден тозығы жеткен. Аумағы 1 гектардан асатын велотректі қайта қалпына келтіру Қазақстан велоспорт федерациясының бастамасымен, «Астана Моторс» компаниясының қолдауымен қолға алынған. Жарыс жолағы халықаралық стандартқа сай болады және мұнда экстремалды велоспортқа арналған BMX алаңы да салынады.

Нұрлан Смағұлов, Қазақстан велосипед спорты федерациясының басшысы:

- Еліміздегі велоспортты дамытып жатқанымызға қуаныштымын. Әсіресе балалар спорты мен бұқаралық спортқа басымдық беріп отырмыз. Жасөспірімдеріміз көшеде жүрмей, ойын алаңдарына қайтса деген ниетіміз бар. Олардың арасында дарынды балалар болуы мүмкін, оларға барлық жағдай жасай отырып, таланттарының ашылуына мүмкіндік жасағымыз келеді.

Мәдениет және спорт вице-министрі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жас спортшылармен кездесті. Федерация басшысы Нұрлан Смағұлов велотректен бөлек «Халық Арена» спорт кешені аумағында BMX саябағының құрылысы басталғандығын айтты.

Айта кетейік, Федерация бұқаралық және балалар спортын дамыту бағдарламасы аясында республика бойынша осындай 13 саябақ салуды жоспарлаған.

Ерлан Қожағапанов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары:

- Президент қыркүйек айындағы жолдауында Үкімет пен жергілікті әкімдіктерге балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауды тапсырған. Соның негізінде жан басына шаққандағы қаржыландыру механизмін енгіздік. Соның арқасында елімізде 4-18 жас аралығындағы балалар спортпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Қазір 71 спорт түрін жобаға алып отырмыз. Балаларға арналған велоспортты да осы тізімге қосу үшін құжаттарын дайындаймыз. Нәтижесінде велоспортпен шұғылдану балалар үшін тегін жүргізіледі.

Велотрек қыркүйекте ашылады. Оған бұрынғы «Спартак» атауы қайта берілетін болды. 

Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Валентин Лобанов