Әкеміздің есімі Қатонқарағайдағы белді бір көшеге берілсе екен – ардагер ұрпақтары

Ер есімі ел есінде қалсын десек, олардың көзсіз батырлығы мен отансүйгіш мінезін жас өрендерге насихаттау үзіліссіз жалғасу керек.

Шығысқазақстандық Ұлы Отан соғысының ардагері Бақай Кезекеновтің ұрпақтары осындай пікірде. Олар сұрапыл шайқасқа қатысқан әр қазақ ұмытылмауы керек деп санайды. Сондықтан бүгінде бақилық болған ардагер әкелерінің есімі, оның туған жері Қатонқарағай ауданындағы белді бір көшеге берілсе деген ниетте.

Қатонқарағайлық соғыс ардагері Бақай Кезекенов 25 жасында майдан даласына түскен. Оның ерлігін ұлы Баттал Кезекенов жатқа біледі. Екінші Дүниежүзілік соғыстағы ұрыс жолын 174 атқыштар полкінің үшінші Украина майдан даласынан бастаған әкесі талай жанкештілік көрсетіп, қаруластарына үлгі болыпты. Ал бүгінде немере шөбересі ата мұрасын мақтан тұтып, наградаларына құрметпен қарайды. Мәселен, немістің екі бірдей станокты пулеметінің күлін көкке ұшырып, танкистінің көзін жойғаны үшін мерген Кезекеновке Қызыл Жұлдыз Ордені берілген. Ал кейін дәл осы жұлдыз жауынгерді ажалдан аман алып қалған.

Баттал Кезекенов, ардагердің ұлы:

– Қызыл жұлдыз орденін алған оның барлығы мына қағазда бар. Сол Соғыста жүргенде Қызыл жұлдыз орденіне оқ тиеді, оқ тигенде бір жақ бұрышынан тайып кетеді, Қызыл жұлдыз ордені бір ажалдан аман алып қалады.

Бұдан бөлек дұшпанның Мессершмит ұшағының көзін құртқан. Алайда қазір Бақай Кезекеновтың есімі не аудандық ардагерлер кітабында не, бір мектеп бұрышында кездеспейді. Енді ұрпағы осы олқылықтың орнын толтырмақ.

Баттал Кезекенов, ардагердің ұлы:

– Кітап та шықты, ол кісі жоқ. Мектеп ішіндегі тақталарда да бұл кісінің аты аталмаған. Әкемнің немерелері бар, шөберелері бар, аталарын, жеті атасын сұрайды, сондықтан осы шаруаны қолға алып отырмыз.

Мұхтархан Кезекенов, ардагердің ұлы:

– Ұрпақ тәрбиесі үшін керек. Ұрпақ ерліктерін біліп өсуі керек.

Көше атауын көрсеқызарлықтан сұрап отырғанымыз жоқ, тек ерлік ертеңгі күнге естелік болып, өрендер үлгі алуы керек дейді ақсақалдар. Қатонқарағай аудандық әкімдігі бұл ұсынысқа еш қарсылығымыз жоқ деп отыр.Тек белгілі ережеге сай рәсімделсе болды.

Рауан Нұрмолдин, аудандық ішкі саясат мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

– Белгілі бір ұжымнан ба, көше тұрғынарының атынан ба, ауылдық округ тұрғындары атынан ба немесе оғамдық бірлестік атынан баұсыныс түсуі керек. ол онмастикалық топ қарауына түседі, оң шешім тапса ауылдық округ әкімдігі шешім шығарып,көшелерді ауыстырады.

Съездхан Құдабаев өңірдегі ардагерлер жайлы бір адамдай жақсы біледі. Айтуынша, ауданда 2 мыңға жуық адам Қызыл жұлдыз орденімен наградталған. Олардың әрбірі құрметке лайық.

Съездхан Құдабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Лайықтылар алып жатыр, әлі де әрі қарай жұмыс жүргізудеміз рухани жаңғыру бағдарламасына орай, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мән мағынасы жоқ көшелерді ауыстырып жатырмыз.

Жалпы Қатонқарағайдан Ұлы Отан соғысына 7 мыңға жуық азамат аттаныпты. Оның 3 мыңнан астамы оралмаған. Қазір ауданда жалғыз ғана соғыс ардагері қалды.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ...