Елорда тұрғындары жедел жәрдемге өкпелі

Елордадағы Құдайбердіұлы көшесіндегі 28-үйдің тұрғындары сол маңдағы мемлекеттік медицина мекемесіне наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар үйлерінің жанында орналасқан нысанға келетін жедел жәрдем көлігінің дабыл құрылғысы мазаны алады деп отыр. Тіпті жаяу жүргіншіге бөгет жасайды дейді. Айта кетейік, жедел жәрдем көлігінің арнайы дабылды құрылғысы таңғы 8:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қосылуы тиіс. Бірақ оны науқасты тасымалдаған кезде немесе бара жатқан кезде қосуға болады. Сағат он бірден кейін арнайы дабыл емес, жарық шағылыстырушы құрылғы ғана жұмыс істейді.

Назира Ыдрысова екі баланың анасы. Үлкені – оқушы, кенжесі балабақшаға барады. Әл-Фараби-2 тұрғын үй кешенінде 3 жылдан бері тұрып келе жатқан ол өз үйінің жанында орналасқан қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына өкпелі. Баланы білім ордасына жіберсем, сананы уайым билейді. Себебі жедел жәрдем көлігі жолды бөгеп, аулаға келе жатқан автомобильді көрмей қаламыз дейді.  

Назира Ыдрысова, қала тұрғыны:

Олар тезірек шақыртуға шығады. Бұл жерде полицейлер де жоқ. Олар машинамен аулаға кіреді. Өте қиын. Үлкен адамдар түнде ұйықтай алмайды. Өйткені сирена бар, сигнал береді. Қазір съемка болады деп сигналды қоспай жатыр. Оларды да түсінеміз, бірақ бізге қиын. Олар шылым тартады, қоқыс мәселесі бар. 2-5 қабатқа дейін шторымы бар.

Бұл Құдайбердіұлы 28 көпқабатты үйдегі адамдардың жанайқайы. Күндіз күлкіден, түнде үйқыдан айырылған. Олар әлеуметтік желіге де жариялап, әкімдікке де хат жазған. Алайда мардымды жауап ала алмаған. 

Надежда Курпебаева, қала тұрғыны:

  Мен қала әкімі Көлгіновтен мына медициналық мекемені басқа жерге көшіруін сұраймын. Тұрғын үйдің жанында орналасқан жедел жәрдем стансасын алып тастасаңыздар жақсы болар еді. Бізге бұл жерде өмір сүру мүмкін емес. Алматы қаласының әкімдігі онлайн жұмыс істеп жатыр. Соның жанына мекемені орналастырсаңыздар болады. Оның жұмыс істеп жатқанын көрмейміз. Немесе жаныңызға ала кетсеңіз. Сол кезде біздің жағдайды түсінерсіздер.

Әл-Фараби-2 тұрғын үй кешенінде орналасқан мемлекеттік медициналық мекеме тұрғындардың мазасын алуда. Мұнда жедел жәрдем көлігі дабыл соғып, астаналықтар түнде ұйқыдан айырылған. Бұл 5 жылдан бері шешімін таппады дейді тұрғындар.

Тұрғындардың айтуынша, медициналық мекеме қызметкерлері қоқыс төгетін жерге ине, маска мен қолғап сынды құрал-жабдықтарды тастаған. Тіпті елдегі эпидемиологиялық ошақ болған кезеңде қорғаныш костюмдерді де сыртта қалдырды деп наразы.

Біз мәселенің мән-жайын білу үшін медициналық жәрдем станциясына бардық. Мамандар былай деп жауап қатты.

Сұлушаш Әбілқасымова, ШЖҚ «Қалалық жедел медициналық жәрдем станция» МКҚ бас дәрігерінің медицина жөніндегі орынбасары:

– Егер мазаларын алса, маған факттарды маған беру керек. Мен қараймын. Егер менің подстанциямның жүргізушілері болса, олардан мен түсініктеме алып, бастыққа жіберемін. Алматы – бұл ең үлкен аудан. Біз 10-15 минутта жету керекпіз. Бізге депутат келді. Осы жағдаймен. Әкім осы жазда шешеді. Бізге орын берсе, қуана-қуана кетеміз. Негізі біз халыққа жұмыс істеп отырмыз. Біз пандемия кезінде жанымызды беріп, жұмыскерлеріміз сіздерге жанын беріп жұмыс істеп жатыр. Ал сіздер мазамызды алды деп. Жарайды 18 бригада мазаңызды алса, біз де кетерміз. Бізден құтыласыздар.

Мәселенің қалай шешімін табатыны әзірге беймәлім. Дегенмен, мамандар бірнеше айдан кейін басқа мекенжайға көшеміз деп сендірді.

Авторлар: Наргиз Бекмағанбетова, Ерзат Зайтхан, Болат Абдуллин