Қапшағайда суға батып бара жатқан бес адам құтқарылды

Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қапшағай су қоймасындағы №6 қалалық жағажай маңынан суға батып бара жатқан 5 жасөспірімді құтқарып қалды, деп хабарлайды Tengrinews.kz Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 2021 жылдың 24 мамырында сағат 15:25-те болған. Алматы облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары Қапшағай су қоймасын шолу кезінде №6 қалалық жағажай ауданында суға батып бара жатқан жастарды байқаған.

«Жедел құтқару жұмыстары нәтижесінде жағалауға 2002-2004 жылдары туған 5 жасөспірім шығарлды. Олардың бірі ес-түссіз күйде болған. Реанимация шараларынан кейін қыз есін жиған және жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», – делінген хабарламада.

Кейін жасөспірімдердің Алматы қаласынан демалысқа келгені анықталды.

Алматы облысының ТЖД өкілдері суға түсу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды:

Тек рұқсат етілген жерлерде шомылу. Суға мас күйде түспеу;

Қатты ағысы бар тік жағалауларда, батпақты және өсімдіктер өскен жерлерде шомылмаңыз;

Ағысы қатты жерлерде суға түспеңіз;

Егер судың температурасы +18 С төмен болса, шомылмаңыз;

Жүзу тақталарын, бөренелерді, үй құрылғыларын пайдаланбаңыз;

Жағадан алыс жерде үрлемелі төсеніш немесе баллондарда жүзуге болмайды;

Балаларға суға түсуге болатын жерлерде ойнауға рұқсат бермеңіз;

Шомылу кезінде кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз.