427,01 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысында бір ауылдың тұрғындары ауызсуға зәру

  • 130
  • UPD: 20:45, 25.05.2021

Бұлаққа күні қараған елдімекен. Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Қосүйеңкі ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаратау етегіндегі 34 үйдің тұрғындары суды 3 шақырым жердегі бұлақтан тасиды.

Ауылдағы әрбір үйде су жинап қоятын құдық бар. Бұған шамамен 3 тоннадай су кетеді. Аптасына бір мәрте келіп, су таситын көліктер осы құдықтарды толтырады екен. Кейде техникалар бұзылып қалған кезде апталап сусыз отыратын күндеріміз болды дейді тұрғындар.

Жеті баланың анасы Роза Көшкінбаеваның су таситын көлікті күткеніне бүгін он күн болыпты. Ал құдықтың түбі көрініп тұр. Ауыл мектебіне су жеткізетін көлік айына 2-3 рет қана қатынайды екен. Сол кезде тұрғындар ақысын төлеп, әр үй 3 тоннадай су сатып алатын көрінеді.

Роза Көшкінбаева, ауыл тұрғыны:

Бұл мәселені пәлен жылдан бері айтып келе жатырмыз. Ауданның әкімі де, ауылдың әкімі де келді. Ешқандай нәтиже жоқ. Су тасушылар 7-10 үйге толмаса келмейді. Соған дейін адамдар не істейді, күн ыстықта? Өледі ма бәрі?

Ауылда 55 оқушы білім алатын мектеп пен 3-6 жастағы 20 бүлдіршінді тәрбиелеп отырған шағын орталық бар. Олардың да басты мәселесі – ауызсу.

Гүлжаухар Қалтаева, №84 мектеп директоры орынбасарының м.а.:

– Кәдімгі умывальниктерге су құйып қойып, қолдарын сонымен жуғызамыз. Сырттағы әжетхананы пайдаланамыз, іштегісі жұмыс істеп тұрған жоқ. Балабақша балалары 3 жастан жоғары болғандықтан, олар да сыртқа шығады. Қыстың күндері ішке горшок пайдаланамыз.

Жығылғанға жұдырық боп, биыл Қосүйіңкіге Қаратаудан жылғалап жететін ағын су да тоқтап қалыпты. Жеміс-жидектің қураған ағашын кесіп тастап отырмыз дейді тұрғындар. Тіршілік нәріне қатысты түйіткіл тарқайды ма? 

Ғалымжан Шалбаев, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м.а.:

Су көзі анықталып тұр. Мемлекеттік актісі дайындалып жатыр. Скважинаға және ұңғыманың өзіне. Резервуар дейді ғой. Сол өткен жағдайда сараптамаға береміз. Сараптама оң қорытындысын алғанда бюджетке өтінім тапсырамыз.

Ондаған жылдар бойы ауызсусыз отырған Қосүйіңкі ауылын орталықтандырылған су жүйесіне қосу үшін әлі біраз уақыт керек сияқты. Оған дейін тұрғындар тіршілік нәрін таситын жалғыз көліктің бұзылмауын тілей тұрмақ.

Авторлар: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы