Екпе салдырғандар арасында ұтыс ойнатылады

Алматыда коронавирусқа қарсы екпе салдырғандар арасында ұтыс ойнатылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай акцияны Алмалы ауданындағы сауда үйлерінің бірі ұйымдастырды. Ол үшін сол жердегі екпе орталығында вакцина салдыру керек. Ұтыс ойынының жеңімпаздары 31 мамыр күні онлайн форматта анықталып, түрлі сыйлықтар табысталады. Бас жүлде – ұялы телефон. Ал қаланың өзге аудандарында жеңілдіктер маусымы басталды. Оның мақсаты – қала тұрғындарын COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға ынталандыру. Кәсіпкерлер тауарлар мен қызметтерге түрлі жеңілдіктер ұсынады. Мысалы, вакцинация парспортын көрсетіп кинотеатр, жаттығу залдары, қоғамдық тамақтану орындары, демалыс аймағына және ойын-сауық орталықтарына жеңілдік ала аласыз. 

Айнұр Бекжанова, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары:

Халықтың сұранысына қарай халық көп жүретін, халық көп келетін орталықтарда ашуды жөн көрдік. Сол себепті қазір ай сайын біздің осы вакцинация пунктерінің саны артуда.