Кәсіпкерлер Amazon платформасында сауда жасауды меңгеріп жатыр

Алматылық кәсіпкерлердің айтуынша, Amazon халықаралық электрондық платформасында сауда жасау клиенттер қатарын көбейтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен онда да бәсеке жоғары. Сондықтан жарнамаға қомақты қаражат қажет. Мамандар жарнама сауатты жасалса кеткен шығын еселеп қайтатынын айтады. Кеше еліміздің Cауда және интеграция министрлігі қазақстандық сатушылардың Amazon-да жұмыс істеуіне жол ашылғанын хабарлаған еді. Интернет сауда алаңында бүгінде 188 елдің сатушылары тіркелген. Қазір алматылық кәсіпкерлер танымал платформаның қыр-сырын меңгеріп жатыр.

Жоғары беріктігі бар кабельдік құбырларды өндіретін мынадай зауыт әлемде 7-еу ғана. Қазақстанда 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Зауыт өнімдері энергетика, телекоммуникация, талшықты-оптикалық байланыс желілерінде қолданылады. Заманға сай сұранысқа ие өнімді халықаралық электронды нарыққа шығару өндіріске серпін береді, дейді кәсіпкерлер.

Максим Югай, кабельдік құбырлар шығаратын зауыт директоры:

Бұл сауда платформасы өндірістік компанияларға үлкен мүмкіндік береді. Электрондық сауда алаңында жақында мемлекеттер арасында тендер өткізу бойынша жаңа бағдарлама іске қосылды. Оған барлық тіркелген кәсіпкерлер қатыса алады. Демек үлкен көлемде экспортқа тауар шығаруға болады.

Еліміздің кәсіпкерлері әлемдегі ең ірі электронды сауда алаңында бұған дейін де өз тауарларын тұтынушыларға ұсынып келген. Бірақ ол кезде табысты платформаға тіркелу, электронды сауда нарығына шығу қиын, әрі ұзақ уақытты алатын, дейді сарапшылар. Банк шотын тізімде бар елдерде ғана ашу керек болатын. Ал енді төлемді тікелей қазақстандық банктер арқылы алып, өз еліміздің атынан сауда жасауға болады.

Назым Сқақова, компанияның логистика және электронды сауда бойынша менеджері:

– Қазақстан 2017 жылы Амазонда сатуға болатын елдердің құрамында болмады. Сондықтан бұл процесс бізге өте қиын келді. Басқа тәсілді қолдандық. Кеше жаңалық шықты. Қазақстан сол елдер құрамына кіреді деген. Менің ойымша, ол бұл процесті жеңілдетеді. Сондықтан өте жақсы мүмкіндік деп ойлаймын. Оны қолдану керек, барлығы барып өзінің тауарын сатып көру керек деп ойлаймын.

Халықаралық электронды сауда алаңында 188 елдің сатушылары тіркелген. Олардың қатарында АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Үндістан және Жапония сынды алпауыт елдер бар. Айта кетейік, 2020 жылы Amazon-ның таза сатылымы 386,1 миллиард долларды құраған.

Авторлар: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Сержан Жұмабев