Жезқазған маңында жерге кіріп бара жатқан елді мекендер халқын көшіру аяқталған жоқ

Жезқазған маңында жер астына шөгіп бара жатқан бес бірдей елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Алты жыл бұрын басталған ауқымды шаруа тым баяу жүріп жатыр. Әзірге 3 мың отбасы жаңа баспанаға қоныс аударған. Дегенмен, өтемақыға көңілі толмай, бұзылған елді мекенде әлі тұрып жатқандар бар.

Жезқазған деп аталатын мына ескі кеншілер ауылында бір кездері 4,5 мың халық тұрған. Асты шахта болғандықтан тұтас бір елді мекеннің тұңғиыққа түсіп кету қаупі туды. Сондықтан ондағы жұртты қауіпсіз жерге көшіру керек деген шұғыл шешім қабылданады. Бірақ содан бері 6 жыл өтті, көш дауы әлі де бітер емес. Өтемақыға келіспей, қоныс аударуға қарсы болып отырғандар бар.

- Угрожают силовыми методами, то есть вскроют дверь, вынесут наши вещи под опись на склады и нас просто выкинут на улицу. 

Сергиенколар отбасы бірнеше айдан бері сусыз, жарықсыз отыр. Құбырды да, тоқ сымдарын да кесіп тастаған. Тіпті олардың үйіне өтетін жолды да қазып кеткен. Ал баспаналары сот шешімімен әлдеқашан мемлекет меншігіне өтіпті. Бірақ үй иесі әлі көшпей отыр. Баспанасының 14 миллион теңгеге бағаланғанына наразы. Ол қаражаттың шотқа түскенін де кеш білген.

Сергей Сергиенко, Жезқазған ауылының тұрғыны:

- Сот 2016 жылы біткен. Соның шешімі бойынша ақша 2018 жылы жіберілген. Біз ол туралы тек бір жылдан соң кездейсоқ білдік. Тауарлық несие рәсімдеген кездегі уақытша ашқан шотымыз болатын. Соған түсіпті. Үйіміздің аумағы 100 шаршы метрге жуық. Мұндай баспаналар Жезқазғанда 40-60 миллион теңге тұрады.

Мұндағы тұрғындардың кейбірі тек үйінің ғана емес, жеке кәсіпкерлік нысандарының да өтемақысын ала алмай жүр. Ұсынылған ақша өте аз дейді байырғы наубайхананың иесі Надежда Галушкина. Оның арызы қазір жоғары сотқа жеткен.

Надежда Галушкина, Жезқазған ауылының тұрғыны:

- Наубайхана ғимаратын күл-талқан етті. Онда 30 түрлі нан-тоқаш өнімін пісіретінбіз. Ас атасымен ауыл ғана емес, Сәтбаев, Жезқазған қалаларын да қамтамасыз еттік. Ғимарат ішінде қалған барлық пештер мен қондырғылар әбден тоналып бітті. Полицияға 28 рет арыз жаздық.

Жергілікті биліктің айтуынша, көшірілуі тиіс 5 ауылдың тұрғындарына Сәтбаев қаласынан 214 коттедж және жаңа ықшам ауданда көп қабатты 45 үй салынған. Бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам жұрт жаңа қонысқа ие болыпты. Ал баспана мен өтемақыға наразылардың мәселесін жауапты мамандар былай деп түсіндірді. 

Дәуір Жүнісбеков, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары:

- Өтемақы мен баспана алуға келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алады. Бүгінгі таңда 17 отбасы қалды көшпеген. Оның 11-нің құжаттары рәсімделіп жатыр. Жақын уақытта көшірілетін болады. Ал қалған алтауымен келісім және сот процестері болады.

Айта кетейік, көші-қон жұмыстары біткен соң бұл жерде жаңа кен орындары ашылмақ. Жер қойнауында шамамен 37 миллион тоннадай кен қоры бар екен. Бұл қазба байлық келешекте ашық тәсілмен игеріледі. 

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев