Қарағандыда ғарыштан бақылау арқылы 200 қоқыс полигоны анықталды

Қарағандыда тау-тау болып үйілген қоқыс проблемаға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек облыс орталығында спутниктік навигация жүйесі арқылы 200-ден астам рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. Көбінесе тұрғындар жөндеу жұмыстарынан кейін қалған қалдықтар мен тұрмыстық қоқыстарды ауладан асыра лақтыруға үйреніп алған. Алдағы уақытта қоқыс алаңдарын ғарыштан бақылау жұмыстары жалғасады. Мысалы, былтыр осы жүйенің арқасында облыс бойынша 2 мыңға жуық полигон анықталған. Ал рұқсат етілмеген жерге қоқыс қалдықтарын төккендерге кемі 60 мың теңге айыппұл салынады.

Дархан Есжанов, экология департаменті басшысының орынбасары:

– Көп жағдайда адамдар келісімшарт жасап, қоқыс төгетін компаниялармен келісімге келгісі келмейді. Ең оңайы – осындай жерге әкеліп, лақтырып кету. Салдарын өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз жергілікті билікке осындай жердің координаттарын жіберген соң, оны әрмен қарай да бақылау отыру керектігі жайлы айтамыз. Бұл жұмыстарға ЖПҚ-да тарту керек.