«Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары не үшін тоқтатылды

«Баспана хит» және «7-20-25». Төмен пайызбен несие алуға болатын мемлекеттік бағдарламалар тоқтатылатын болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұлттық банк тұрғын үй нарығын тікелей қаржыландыру механизмінен бас тартты.

Рүстем Қыдықов, «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– Бүгінгі күнге дейін 82 мыңнан астам адам аталған 2 бағдарлама бойынша несие алды. Ипотеканы қолжетімді етіп , тұрғындардың тұрғын үй мәселесін шешуге қол жеткіздік. Жыл соңына дейін «Баспана хит» бағдарламасымен қаржыландыру жалғасады. Оған жұмсалатын қаржы, яғни индикативті көрсеткіш 600 млрд теңге болатын. Соның 501 миллиарды игерілді. Демек, қалған қаражатқа банктер халықтан өтініш қабылдап, баспана алуға көмектеседі. 

Баспана мәселесі елде қашаннан өзекті. Пәтерге қол жеткізе алмай жүрген жұрт әлі көп. Мәселен, 2000 жылдардың басында үй кезегінде тұрғандар саны көбеймесе, азаймаған. Тап осы кезекте тұрғандарға «Баспана хит» және «7-20-25» бағдарламалары мүлде тиімсіз дейді сарапшылар. Себебі, екеуі де табысы орта деңгейден жоғары азаматтарға арналған. 

Мағбат Спанов, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Мемлекетке көп үміт арта беруге болмайды. Рас, халықтың басым бөлігі өз қаржысымен баспана сатып ала алмайды. Мүмкіндігі жетпейді. Үнемі сұрай беруді де тоқтатқан жөн. Бұл бағдарламалар қабылданған жылдары Қазақстанда 400 мың адам үй алу кезегінде тұрған. Қазір көрсеткіш 600 мыңға жетті. Көріп тұрғаныңыздай, баспанаға мұқтаждар саны азайған жоқ, керісінше көбейіп кетті. Сондықтан ең алдымен халықтың жағдайын жақсарту керек. Өзі тапқан қаржыға баспана алатындай жағдайға жетуге тиіс.

Мемлекеттік екі бағдарламаның тоқтауы құрылыс компанияларына да әсер етуі мүмкін. Өйткені салынған үй тез әрі қолайлы бағада сатылмайды.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының төрағасы:

– Бұрын құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді салып, оны мемлекеттік бағдарламалар арқылы оңай әрі тез сатып келді. Сұраныс болғасын, бағаны аса қымбаттатқан жоқ. Енді сұраныс азайғасын бұған еш тоқтау болмайды. Себебі, құрылыс материалдары жыл сайын қымбаттайды. Нарықтағы жағдайдың күрделене түсетінін болжап отырмыз. Ең алдымен компаниялар шығынға батады.

«Баспана хит» бағдарламасы бастапқы мақсатына қол жеткізді десек, «7-20-25» нарыққа көпшілік күткендей өзгеріс әкелмеді. Кейінгі 4 жылда тек 28 мың адам пәтерлі болды. Қаралған қаражаттың тек 330 млрд теңгесі игерілген.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылыс компаниялары қауымдастығының төрағасы:

– Үкімет біздің бұл ұсынысты қолдағанымен, Ұлттық банк тарапынан еш қозғалыс болмады. Неліктен екені түсініксіз. «7-20-25» бағдарламасына 1 трлн теңге қаражат бөлінді. Игерілу барысын өздеріңіз де көрдіңіздер. Бұл бағдарлама негізінен құрылысы толық аяқталған және бірінші нарықтағы үйлерге арналған. Ал оны сатып алуға табысы орта деңгейдегі халықтың қаражаты жетпейді. Сәйкесінше, түпкілікті мақсатына жеткен жоқ деп ойлаймыз.

Құрылысшылар енді үй бағасы тек қымбаттайды, арзандамайтыны анық дейді. Ал екінші деңгейлі банктер бұрынғыдай 15-20 процент өсіммен ипотека беруін жалғастыра береді. Айта кетерлігі, өзге де мемлекеттік бағдарламалар барын айта кеткен жөн. Сарапшылардың айтуынша, енді үкімет солардың шартына өзгеріс енгізуі мүмкін.

Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы