Масалар семейліктердің мазасын қашырды

Семей тұрғындары масадан қашып әлек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда қансорғыш жәндік көбейгені сонша, аяқ алып жүргізбейді. Шаққан жері де күп болып ісіп кетеді. Мамандар бұл ыстықтың салдары дейді.

Биыл маса әбден әбігерге салды дейді тұрғындар. Қазір бүлдіршіндердің қансорғыш шаққан жерлері күп боп ісінген суреттер әлеуметтік желілерде таратылып жатыр. Аптап ыстықта үйге сыймаған балалар далада да жарытып ойнай алмай жүр.

Нұрғайша Байқымбаева, қала тұрғыны:

– Улау керек, сұмдық. Не өзімізге не балаларға маза жоқ. Немерелеріммен келгем. Денелерінің бәрі ісіп кетті. Қайтпайды.

Валерия Босс, қала тұрғыны:

– Балаларға қиын. Аз ғана уақытқа шыққан едік, денеміздің сау тамтығы қалған жоқ. Шаққан жерлері ісіп кетеді. Бетімізге дейін шағып тастады. 

Әкімдік мамандары дезинфекциялық жұмыстардың енді басталғанын айтады. Қазір көл жағасы мен жеке сектор жанындағы жер үйлердің маңайындағы масалар уланады. Кейін улау жұмыстары өзге де аудандарда жүргізілмек. Бұл мақсатқа шамамен 820 мың теңге қаржы бөлінген.

Азамат Көмеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің абаттандыру секторының меңгерушісі:

- Масалардың ерекше көп жүрген ошақтары бойынша жылына үш рет, маусым, шілде, тамыз айларында улау жұмыстары жүргізіледі. Келер жылы тағы бірқатар жерді қосу жоспары бар. Әкімдік тарапынан атқарылуы тиіс жұмыстар бойынша барлығы уақытылы жүргізіліп келеді.

Сондай-ақ ведомство өкілдері мамыр айының басында су қоймаларында зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілді деп отыр. Талап бойынша бұл шараларды әр маусымда бір мәрте жүргізілу жеткілікті.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...