Жамбыл облысында екі мыңнан астам тұрғыны бар ауыл газға қол жеткізе алмай отыр

Құбыр Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты осы елді мекеннің дәл іргесінен өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ мұндағы жұрт әлі күнге көмір жағып, күл шығарып келеді. Жергілікті халықтың өкпесі қара қазандай.

Міне, майтөбеліктердің қысы-жазы көрген күні осы. Ошақ жағып, күнделікті жуынатын суын жылытады, ас-тамағын әзірлейді. Шығарғаны күл, жұтқаны шаң. «Ауыл екені рас! Бірақ ауылдықтар жақсы өмір сүрмеу керек» деп қай жерде жазылған? Газ жоқ болса бір сәрі!» дейді олар.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Мына мен тұрған жерде негізгі магистральді газ құбыры өтіп жатыр. Анау таяқ тастам жерде Майтөбе ауылы тұр. Жергілікті жұрт ауылымыздың іргесіне газ келіп тұрып, әлі күнге дейін көгілдір отын тартылмай отыр қынжылады.

Гүлжан Сарқұлова, ауыл тұрғыны:

– Осы ауылға келін болғанымызға 15 жыл болды. Біз әлі күнге дейін от жағып жатырмыз. Ал газ мына жерде тиіп тұр. Жылда айытылып жатқан нәрсе. Сайлау сайын уәде осы. Нәтиже жоқ. Міне көріп тұрсыз ғой, нәтиженің қандай екенін.

Жұрт іргеге келіп тұрған газды кіргізіп бермей отыр деп жергілікті билікке наразы. Айтуларынша, бұл мәселе сайлау науқанындағы насихат пен әкімдердің халық алдындағы жылдық есебі кезінде ғана көтерілетін көрінеді. Басқа уақытта бізді елеп жатқан ешкім жоқ дейді тұрғындар.

Ермахан Жолтаев, ауыл тұрғыны:

– Ауданымыздан газ шығып жатыр. Жылда жиналыс сайын әкімдер, депутаттар келсе де, осы газды әңгіме қылады. Әлі 19 ғасырда жүрген сияқтымыз. Газ бір километр жерде өтіп жатыр.

Мұхтар Әлімқұлов, ауыл тұрғыны:

– Халық осылай шулап айтса, көктемнен бастап көреміз дейді. Депутат боламыз деп келетін кезде де айтылады осы. Сіздерге не керек, қандай жағдай керек деп. Газ деп айтамыз ғой. Осымен айналысамыз деп кетеді. Депутат болады. Одан кейін жоқ.

Майтөбенің жанынан өтіп жатқан газ құбыры кезінде 1986 жылы Қаратау қаласын қамтамасыз ету үшін тартылған екен. Ол уақытта жоғары қысымды желіден ауылға қарай бұратын арнайы газ тарату станциясы қарастырылмапты. Енді көгілдір отын тарту үшін қосымша станция салынуы тиіс. Тек содан кейін барып газ желісін тарту жағы қарастырылмақ.

Қайрат Серімов, Талас ауданы әкімінің орынбасары:

– Жобалық-сметалық құжаттамаға тапсырыс бердік. Проект жасатып жатырмыз. Осы биылғы жылғы проект шықса, келесі жылға облыс әкімдігіне ұсынамыз. Сол проектімен. Қаржы бөлінген жағдайда Майтөбе, Қожағаппарға газы магистральдік құбыры тартылады.

Әкімдік өкілдерінің сөзіне сенсек, биыл сең қозғалған сияқты. Қаратау-Билікөл газ тарату станциясының құрылысы басталғалы жатыр екен.

Үсен Шекешов, ауыл тұрғыны:

– Қазақтың мақалы бар ғой. «Ұзын арқан кең тұсаумен» деген, бізге қашан келетінін бір Құдай біледі! Былай қарасаң, кімге шағымданасың. Соны білмей қалдық.

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев