Алматыда білікті құрылысшылар жетіспейді

Биыл елімізге сырттан келетін жұмысшыларға бөлінетін квота екі есе қысқарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жағдай құрылыс нарығына кері әсер етті. Ал құрылыс компаниялары болса жергілікті мамандардың бәрін бірдей жұмысқа қабылдай бермейді. Десе де кейінгі жылдары жұмысы ауыр, бірақ табысы жақсы мамандыққа қыздар да қызыға бастаған.

Қолынан іс келетін адамға құрылыс саласы – жақсы табыс көзі. Мысалы, 45 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерге еурожөндеу жасату үшін 500 мың мен 1 млн теңге аралығында ақшаңыз болуы керек. Мықты маман бұл қаржыны бір-ақ аптада табады. Дегенмен ондай маманды табу оңай емес. Кейінгі кезде бұл кәсіпке жастар қызығып жатқаны қуантады. Олар жаңа технологияларды меңгеріп, техника тілін үйреніп келеді. 18 жасар Дариға Сабанбаева – колледжде құрылысшы мамандығын оқып жатқан санаулы қыздардың бір.

Дариға Сабанбаева, колледж студенті:

– Қазір үш жыл ішінде өзімді жақсы маман иесімін деп толықтай айта аламын. Тортты көз алдыма елестетіп, тортқа крем жағып жатқандай тегістеп, жақсылап жағамын. Онда тұрған ештеңе жоқ, барлығын үйренуге болады.

Биыл Алматыда мемлекеттік бюджет есебінен 249 мың шаршы метр тұрғын үй тапсыру жоспарланған. Сонымен бірге әлеуметтік нысандарда бой көтеріп жатыр. Ал коммерциялық бағытта 22 мыңға жуық пәтер салынуда. Міне, соның барлығына білікті құрылысшы мамандар ауадай қажет-ақ. Әсіресе жиһаз құрастырушы, электриктерге сұраныс жоғары. Пандемияға дейін еліміздің құрылыс саласында сырттан келіп жұмыс істейтіндердің саны 30 мың адам еді. Олардың дені көрші елдің азаматтары болатын. Коронавирусқа байланысты шетелдік жұмысшылардың саны да азайған.

Сайлауғали Байназаров, қалалық жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары:

– Мысалы, тек қана Алматыда ғана емес, елімізде шетелден келетін жұмысшылар саны күрт тоқтатылды. Соған қарай өзіміздің құрылыс нысандарында телефон сымын жүргізу немесе электр желілерін жүргізу сияқты жұмыстарда кәсіпкерлер саны азайғаны, жетіспеушілігі сезіліп тұрады.

Алматыда 10 мыңға жуық компанияның құрылысқа рұқсаты бар болса, солардың жартысынан көбі құрылыс-монтаж жұмысын жасайды. Оларға қойылар басты талаптың бірі – штатында аттестатталған жұмысшылары болуы шарт. Бірақ соңғы екі жылда жұмыс сапасын дұрыс орындамағандықтан, жүздеген мердігер мекеме лицензиясынан айырылған. Мамандардың пікірінше, оған өз жұмысына салғырт қарау мен білікті мамандардың жеткіліксіздігі себеп болған. 

Ермұхаммед Жүнісқожаев, қалалық құрылыс бақылау басқармасының бас маманы:

– Санаты жоғарылауына байланысты 354 компания лицензиясын өз еркімен қайтарды. Сот шешімі бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылысы қызметінде заңнаманы бұзғаны үшін 14 компания лицензиясынан айырылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан құрылыс нарығында отандық мамандардың үлесі 42 процент болады. Ал Қазақстан құрылысшылар одағының зерттеуінше, елімізде бұл саланың тұрақты дамуы үшін құрылыстың түрлі саласын меңгерген 200 мыңнан астам маман қажет.

Алмас Садуақас, Әбен Нарынбаев