427,23 518.00 5.85
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада тұрғын үй кешені GPON технологиясына қосылды

  • 189
  • UPD: 22:46, 26.05.2021

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірі жоғары жылдамдықты интернетті қолдануға мүмкіндік беретін GPON атты заманауи технологияға қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тұрғындар интернеттен бөлек сапалы цифрлық телевизия және айпи-телефония қызметтерін де пайдалана алады. Шара балалар күніне және соңғы қоңырау мерекесіне орай ұйымдастырылды.   

GPON – абоненттің пәтеріне тартылатын, бір ғана сым арқылы бірнеше байланыс қызметін қолдануға мүмкіндік беретін оптикалық талшықты желінің бір түрі. «Қазақтелеком» компаниясының тарифтік жоспарына сай, интернеттің жылдамдығы 200-ден 500 мегабитке дейін жетеді. Жыл басынан бері мұндай интернетпен бас қалада 39 тұрғын үй кешені қамтылған.

Дамир Сейсембеков, «Қазақтелеком» АҚ филиалының коммерциялық директоры:

– GPON – біз соңғы он жылда қолданып жүрген ең заманауи технология. Осыған дейін біз қызметті мыстан жасалған сымдар арқылы ұсынатынбыз. Онда интернет жылдамдығы секундына 8 мегабит қана болатын. Ал қазір біз бұрынғыдан сапалы әрі жылдамдығы өте жоғары қызмет түрлерін көрсетеміз.

Ел астанасында талшықты-оптикалық байланыс желісі алғаш 2010 жылы Энергетик шағын ауданына тартылған болатын. 2011 жылдан бастап мұндай технологиямен қаланың басқа аудандары да интернет игілігін көре бастады. Жылдам дамыған бас қаланың қажеттіліктері де күн санап арта түсті.

Берік Масалимов, қала тұрғыны:

– Тұрғын үй кешені іске қосылғалы бері интернет болмады бұл үйде. Өздеріңіз білесіздер, соңғы кездері бәрі интернетке байланысты. Оқу да, жұмыс та, адамдарда да көп қиыншылық болды. Жақында қосылды. Содан интернет келіп, бәріміз қуанышқа бөлендік. 

Жыл соңына дейін компания оптикалық желіні 100-ге жуық тұрғын үй кешеніне тартып, 30 мың адамға сапалы телекоммуникация қызметін ұсынуды жоспарлап отыр. Келер жылға да жоспары мығым. Ал жеке сектор мен қала маңындағы елді мекендерді интернет игілігіне сымсыз қосу жоспарланған.   

Нұршапағат Несіпбаев, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы