Бағыс пен Хиебон ауылдарында қызу тіршілік басталды

Қазақстан картасында тағы екі елді-мекен пайда болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жуырда ғана Өзбекстан аумағынан қосылған қос ауылда қызу тіршілік жүріп, тұрғындарды тіркеу басталды. Қазақ-Өзбек үкімет басшылары маңызды құжатқа қол қойған соң енді ондағы халықтың мәселесі кезең-кезеңмен шешілмек.

Алғаш рет табанымыз тиген бұл ауыл Бағыс деп аталады. Түркістан облысындағы өзге ауылдардан еш айырмашылығы жоқ сияқты. Қазақ халқы көп қоныстанған. Бірақ қордаланған мәселе мен түйінін тарқатуды күткен қиындық көп. Көгілдір отын жоқ, отбасы мүшелерінің құжаттары әр үйде тіркеулі одан бөлек жер учаскелерін қайта рәсімдеуде кезек күттірмейтін шаруа.

Ғабидолла Құсайынов, Бағыс ауылының тұрғыны:

– Табиғи газ да үйме-үй кірілмеген еді. Ол да үйге кіргізіліп, бүгін мінекей табиғи ҚазТансГаздың мекемесінен мамандар келіп, үйлерді жағалап өтініштерін алып, газ кіргізу мәселесін шешіуге 1 шілдеге дейін мерзім берілген. 1 шілдеден бастап газ жағуға әрекет жасап жатырмыз.

Ал бұл Хиебон ауылы. Атауы бөлек аймақты енді Ақниет деп алмастырудың қамы басталды. Небәрі 23 отбасы қоныстанған округте күн тәртібіне қойылатын атқарылуы тиіс шаруа көп. Шекараға жапсарлас салынған үйлердің ең өзекті проблемасы жер учаскесін заңдастыру.

Ырысты Ахметова, Хиебон ауылының тұрғыны:

– Әсіресе, дәрігерге барғанда қиналамыз. Оларға барғанда мекенжайын сұрамай ма!? Мекенжайың жоқ болса кім қарайды!? Сондайлар болды... Әрқайсысымыз әркімнің үйінде тіркеудеміз.

Файзырахман Якубов, Хиебон ауылының тұрғыны:

– Бұрын әрқайсысымыз әр жерде тұратынбыз. Ерлі-зайыптылар бір үйде тұрғанымен екеуі екі жерде пропискада. Енді мысалыға жастар бар 5 баласы бар. 7 баласы барларда бар. Оның 7 баласы жеті жерде. Әкім бір жерге қоймайды. Себебі сыймайды дейді.

Жергілікті әкімдік құжаттарға байланысты бар мәселені шешуге кірісіп кетті.

Нұржан Көкеев, Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– 244 үйдің бұрын легализация істеп алған. Құжат алғандары бар еді. Енді бүгінгі күнге 67 тұрғын үйге құжаттары жоқ. Олар ауыл әкіміне өз өтініштерін жазып, осы апта комиссияда қаралып, жоба жасап, шешім шығарып, заңдастыруға болады. Хиебон елді мекені ол жерде де тура осы секілді, бірақ ол жерде 23 тұрғын үйдің ешқайсысы рәсімделмеген.

Қарқынды жұмысты күткен шекарадағы Сарыағаш ауданының аумағы осылайша кеңейіп отыр. Бағыс ауылының 750 гектар жері енді Ақжар ауылдық округіне өтсе, 46 гектарға жуық жері бар Хиебон ауылы Құркелес ауылына қарайтын болды. Өзбек ағайындардың келісімімен қос ауыл Қазақстанға 2001 жылы өткізілуі керек еді. 

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ерболат Әбіш