Сенат Жоғарғы сот судьясын қызметтен босатты

Депутаттар Жоғарғы соттың судьясын отставкаға шығуына байланысты қызметінен босату туралы мемлекет басшысының ұсынымын қолдады.

Парламент сенатында Жоғарғы сот судьясы Лариса Шепелева отставкаға кетуіне байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сенат қарауына Жоғарғы сот судьясы Лариса Шепелеваны қызметінен босату туралы президенттің ұсынымы енгізілді.

«Лариса Шепелева құрметті отставкаға шығуға ниет білдірді. Құрметті депутаттар, Жоғарғы соттың судьясы отставкаға шығуына байланысты қызметінен босату туралы мемлекет басшысының ұсынымын қолдауды сұраймыз», – деді Жоғарғы сот кеңесінің төрағасы Талғат Донақов.

Сенаторлар ұсынымды бірауыздан қолдап дауыс берді.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев «ұзақ жылдар бойы сот жүйесінде еңбек етіп, ел дамуына үлес қосқаны үшін» Лариса Шепелеваға алғыс айтты.