Елордада ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсететін орталық ашылды

Нұр-Сұлтанда ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға психологиялық көмек көрсету орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның басты ерекшелігі – мекемеде жұмыс істейтін мамандардың өзі де мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелейді.

Елордада тағы бір ерекше орталықтың тұсауы кесілді. «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қоры әкімдік қолдауымен психологиялық көмек орталығын ашты. Жаңа ұйым мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырғандарға тегін көмек көрсетеді.

Дәурен Бабамұратов, қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Біз ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға арналған психологиялық көмек орталығын аштық.  Бұл қоғам үшін өте маңызды. Орталықты ашу үшін үлкен жұмыс атқарылды. «Бақытты шаңырақ» қорының құрамындағы әйелдер арнайы кәсіби дайындықтан өтті. Енді бұл мамандар мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырғандарға шынымен де көмек көрсетеді деп ойлаймын.

Қоғамдық қордың төрайымы Ботагөз Сұлтанованың өзі де ерекше бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Оның басты ұстанымы – Бұл өмірде мүмкін емес ештеңе жоқ, егер адам бірнәрсені өзгерткісі келсе, еңбек етуі керек. 

Ботагөз Сұлтанова, «Бақытты Шаңырақ» қоғамдық қорының төрайымы:

– Біздің орталықтағы аналар әкімдік қолдауымен «отбасы психологы» мамандығын оқып, арнайы сертификаттарын алды. Олар мүгедек бала тәрбилеп отырған отбасылардың мүшелеріне тегін көмек көрсетеді. Жалпы әкімдік бізге ылғи да қол үшін беруге дайын тұрады. Сол үшін оларға алғыс білдіремін.

Жалпы былтырдан бері елордада әкімдік қолдауымен және түрлі ұйымдардың бастамасымен ашылған 8 орталық жұмыс істейді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетеді.

Автор: Ғазиза Мұхамеджанова