Жалған дипломмен жұмыс істеп жүр: білім бөлімінің бастығына айып тағылды

Түркістан облысында аудандық білім бөлімінің бастығын жалған дипломмен жұмыс істеп жүр деп айыптап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар көтерген бұл мәселені облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының өкілдері да растап отыр. Мамандар бөлім басшысы колледжді бітіргені туралы жалған құжат жасатып, кейін жоғары оқу орнына түсті деген болжам айтады. Сүйтіп 3 жылдан бері жетекші қызметін атқарып жүр екен. Алайда бұл сотта да қаралған. Сот басшының дипломы жарамды деген үкім шығарыпты.

Ахымбек Жолаев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

Біз сот шешімімен келіспейміз. Сондықтан біз оған кассациялық тәртіппен шағымдануға ниеттіміз. Сонымен қатар біз Түркістан сотына қайта талап арыз бердік. Енді шешімін күтеміз.

Роза Аманова, Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

– Менің дипломдарыма қатысты мәселе сотта бірнеше рет қаралды. Барлық жағдайда мені ақтады. Менің дипломдарым жалған емес екендігі толық дәлелденді.