Вакцинация әсерінен Алматы тұрғынының денесі құрысқан: мәлімет тексеріліп жатыр

Instagram әлеуметтік желісінде аурухана төсегінде жатқан қыздың видеосы тарады.

Кадр сыртында сөйлеп тұрған адам «Спутник-V» препаратымен егілгеннен кейін құрысу басталғанын айтады. Бұл дәлелденбеген, деп хабарлайды stopfake.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Мамандардың айтуынша, қыздың екпе салдырғанына біраз болған, бірақ ол вакцинаны толық алмаған.

– Ол вакцинаның бірінші дозасын сәуір айының соңында алды. Екінші компонентін алмаған. Жедел жәрдем вакцинациядан кейін бір ай өткен соң шақырылды, – деп хабарлады ведомстводан.

Дегенмен бұл іспен мамандар айналысып жатыр.

– Конвульсиялық синдромы бар науқастың №7 ҚКА қабылдау бөліміне жүгіну фактісі бойынша, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайды зерттеп жатқанын хабарлаймыз, вакцинациямен байланысын анықтау үшін жұмыс тобы құрылды, – деп хабарлады Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасынан.

Қыздың бойындағы синдромның нақты себептері кейінірек белгілі болады. Қазіргі кезде дәрігерлер құрысулар вакцинация нәтижесінде басталды деп айтуға негіз жоқ дейді.