Алматыда коронавирус жұқтырудың тәуліктік өсімі үш есеге азайды

Соңғы тәулікте мегаполисте 290 адам вирус жұқтырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды деп айтуға әлі ерте. Алматы әлі де «қызыл аймақта». Бұл туралы бүгін қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, аурудың үшінші толқынының бәсеңдеуі бірінші кезекте вакциналаумен тығыз байланысты. Бүгінде тұрғындардың 15 проценті екпе алған. Бұл көрсеткіш 70 процентке жеткен кезде шектеу шаралары алынады, деді бас санитар дәрігер. Қазірдің өзінде мегаполистегі ковидке қарсы қайта жабдықталған клиникалар мен госпитальдер өздерінің қалыпты жұмыс тәртібіне кезең кезеңімен ауысуда.

Нариман Табынбаев, Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

– Осы аптада жедел жәрдем ауруханасының өз бағыты бойынша жұмыс тәртібіне ауысуы туралы бұйрық шығардық. 5-6 күнде соңғы науқас жазылып шыққан соң аурухана толықтай санитарлық тазалаудан өтеді. Мұнда енді ковид жұқтырғандар жатқызылмайды. Аурухана 1 маусымнан бастап қалыпты жұмыс тәртібіне көшеді. Сонымен қатар 1-ші босану үйі де жоспарлы медициналық көмек көрсету үшін ковидке қарсы емдеуден босатылады. Бұрын бұл жерде коронавирус жұқтырған әйелдер босанған болатын.