Сенат депутаты: 21 миллион гектар жер тозған

Елімізде 21 миллион гектар жайылымдық жер әбден тозған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты елді мекендердегі малдың 80 проценті ауыл маңайында жайылады. Бүгін Үкімет басшысына жолдаған депутатттық сауалында сенатор Сұлтан Дүйсенбинов осылай деді. Оның айтуынша, жайылымдық жердің тапшылығы барлық аймақта байқалады. Әсіресе, Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарындағы шаруалар қиналып отыр, деді Сенат депутаты. Ол бұл мәселені шешу үшін жайылымдарды ұзақ мерзімді басқару жоспарын бекітуді және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару бойынша жұмысты белсенді жүргізуді ұсынды. Бұдан бөлек, дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, кооперация тетігін қолға алуды шақырды.  

Сұлтан Дүйсенбинов ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бүгінде ауылдық елді мекендерде мал шаруашылығы өнімінің 66%-і өндіріледі. Бірақ мұндай орасан биологиялық актив мемлекеттік қолдаудан тыс қалып, заманауи технологиялық процестерге тартылмай отыр. Жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтендіру бойынша жүргізілген жұмыстар дұрыс үйлестірілмегендіктен нәтижелі болмай отыр.