Семейде ядролық медицина орталығы ашылды

Елімізде мұндай емдеу мекемесінің аналогы әзірге жоқ. Оның ерекшелігі радиофармпрепарат негізінде онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді.

Радиологиялық нысанды салу барысында техникалық талаптар бұзылып, салдарынан даулы сот процестері өткен болатын. Алайда облыс басшылығының дер кезінде қабылдаған оң шешімінің нәтижесінде барлық олқылық дер кезінде жойылып, нысан кезең-кезеңмен пайдалануға беріліп жатыр.

Ядролық медицина орталығы 3 кезеңмен қолданысқа берілмек. Алғашында радионуклидтік-диагностикалық бөлім ашылды. Бұл қауіпті індетті ерте бастан емдеуге жол ашады.

Берік Кәрібаев, радионуклидтік диагностика дәрігері:

- Аппарат арқылы біз барлық органның жұмысын бақылау аламыз. Сондай-ақ енді пайда болған ісікті ерте бастан анықтауға мүмкіндік бар. Қаңқаның құрылымын зерттей аламыз. Нәтижесі өте жақсы. Оған әлден көзіміз жетіп отыр. 

Екінші кезең радионуклидтік тераппия бөлімінің ашылуы. Оның нәтижесінде елде тұңғыш рет қалқанша безінің қатерлі ісігі емделетін болады. Ал, үшінші кезең негізінде циклотрон мен екі бірдей позитронды-эмиссиялық томографтар іске қосылады.

Дәурен Әділбаев, циклотрон операторы:

- Бұл біздің объектінің ең радиобелсенді бөлігі болып есептеледі. Қабырғаның қалыңдығы 2,5 метр болса, есіктері кәдімгі рельстер арқылы жабылып-ашылады. Бәрі қауіпсіздік үшін. Себебі радиологиялық сәуле өте белсенді болады.

Марат Сәндібаев, ядролық медицина және онкология орталығының директоры:

- Жобаның қуаты негізінде біз жылына 600 пациентті емдеп, тағы 6 мың адамға диагностикалық шаралар жүргізе аламыз. Мұндағы радиофармпрепараттардың барлығы ядролық физика институтынан шыққан, отандық өнім болып есептеледі.

Ядролық медицина орталығының ішіндегі құрылығының барлығы замануи талапқа сай жауап береді. Мамандар да іріктеліп тартылған. Тіпті басым көбі шет елдерде білімін жетілдіріпті. 

Авторлар: Асем Утешева, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...