Көкшетауда құтқарушылар қатары 136 маманмен толықты

Еліміздегі құтқарушылар қатары толықты. Көкшетаудағы салалық жоғарғы оқу орынын 100-ден астам түлек бітіріп шықты.

Үздіктеріне Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің өзі диплом табыстады. Араларында қырғыз елінің азаматтары да бар.

Айта кетейік, Қазақстандағы құтқарушылар дайындайтын жалғыз жоғарғы оқу орнына жақында Мәлік Ғабдуллиннің есімі беріліп, бұл институт енді академияға айналды. Жалпы білім ордасының тарихы 1997 жылдан бастау алады. Бүгінге дейін мұнда азаматтық қорғау саласының 5 мыңнан астам маманы дайындалған. Оқу орыны жыл сайын 150 баланы оқуға қабылдап, тегін білім береді.

Юрий Ильин, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

- Жаңа статус алған академия енді ғылыми істермен айналыса алады. Сондай-ақ мұнда енді магистратура болады. Материалдық-техникалық базаны күшейтеміз. Тәжірибе алаңдары жаңартылады. Ал келешекте оқу кафедрасы мен тағы бір жатақхананы жаңадан саламыз.

 Қайрат Рашонов, Академия түлегі:

- Бізді осылай оқытқаны үшін Қазақстан Республикасына алғыс айтамын. Енді біз осы алған білімімізді өз елімізде іске асырып, оны да басқа әріптестерімізге үйретеміз. Мен бұйыртса, Бішкек қаласында қызмет ететін боламын.