Петропавлда 250 үйдің ауласына ойын алаңы қажет

Петропавл қаласында 250 үйдің ауласына балалар ойын алаңқайы қажет. Баяғыда орнатылған әткеншектер әбден ескірген. Тот басып, құлайын деп тұр. Ол ол ма, кейбір үйлердің алдында еркін жүру мүмкін емес.

- Айнала ма?

– Иә, азғантай бірақ. Сынық, сынық. 

Бұл ауланың балалары осылай ойнайды. Әткеншек әупірімдеп әрең тұр. Жазда шанамен жүргендей қырылдап қозғалады. Бір сөзбен айтқанда барынан жоғы артық. Бірақ балалар шыр айналдырып қызық көреді.

Жанболат Әскербек, қала тұрғыны:

- Біздің дворда карусель жоқ. Ол сынық. Тағы не жоқ? Әткеншек жоқ. Тағы футбол алаңы. Бітті. 

Футбол алаңының жоқтығынан балалар құр доптың артынан жүгіріп амалдайды. Қақпа біреу ғана, оның өзі қабырға. Бұл мәселені ата-аналар да айтып отыр.

Анна Черешенко, қала тұрғыны:

- Мына ойын алаңы балам туған жылы салынған. Қазір ол 17-де. Әбден тозған. Оның үстіне қауіпті. Былтыр бір қыз құлап жарақаттанған. Кішкентай балаларға мүлде орын жоқ. 

Бұл бір ғана мысал емес. Қала бойынша 250 ауланың жағдайы осындай. Былтыр 45-і орнатылған. 

Әсем Айтолла, қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Биыл Петропавл қаласы бойынша 60 аулаға балалар алаңқайын орнату бойынша жұмыстар жасалады деп жоспарланып жатыр. Ол үшін 150 млн. теңге бөлінді. 60 балалар алаңқайына. Бұл алаңқайлардың ішіне 11 элемент кіреді. Және де құм және де алаңқайды қоршап қоятын арнайы қоршау болады. 

Қалалық әкімдік қызметкерлері балалар алаңқайы керек аулалардың кезегін құраған. Әзірге оған 90 үйдің тұрғындары өтініш берді. 

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев