426,61 518.00 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жыл басынан бері 53 адам суға кеткен

  • 194
  • UPD: 20:43, 27.05.2021

Елде 53 адам суға кеткен. Бұл жыл басынан бергі жағдай. Ал шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Дегенмен, «аптап ыстықта салқын суға бір сүңгіп шығамын» деп қайтып шыға алмай қалғандар бар. Аптыққан жұрт қауіпсіздікті естен шығарып алып жатады. Өкініштісі сол. Алдағы маусымға дайындық қалай? Жағажайлар қашан ашылады?

Әдетте суға түсу маусымы жаздың бірінші күнінен ашық деп жарияланады. Биылда бұл дәстүр бұзылған жоқ. Бірақ маусымды күтпей жағажай жағалағандар көбейген. Аптапта халық суға шомылуға асығатыны рас. Осындай жағдайда суға түскендердің 53-і батып кетті, оның 23-і бала. Бұл суға түсу маусымы басталмай жатып Республика бойынша болған қайғылы оқиғалар.

Азамат Құсайынов, қалалық төтенше жағдайлар қызметі азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

- Шомылу маусымы әлі басталған жоқ. Бізде шомылу маусымы 1-маусымнан басталады. Астана қаласы әкімінің қаулысымен рұқсат етілген үш орын бар. Қалған орындардың барлығында тыйым салынған аймақтарда мас күйінде шомылуға барып түсіп кеткен адамдар бар.

Бас қалада 23 суға түсу орны бар. Биыл оның 3-не жұмыс істеуге рұқсат берілді. Қазір бұл жағажайлар ашылу маусымына дайындалып жатыр. Қызу жұмысты бізде бақыладық. шаһардағы шомылу орындарын аралап,  жай-күйімен таныстық.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

- Қала ішіндегі бірнеше жағажайды аралап көрдік, басты қақпалары жабық себебі суға түсу маусымы басьалған жоқ. Дегенмен адамдар емін-еркін жағажайға кіріп шығатын құпия қақпаны тауып алдық. Одан кез-келген адам сыйып өтіп кете береді. Бұл енді қаншалықты дұрыс?

Аймақтардағы ахуал да алаңдатады.Кеше ғана Жамбыл облысында 13 жастағы жасөспірім суға кетті. Ер адам құтқармаққа ұмтылғанмен жеткіншекті аман алып қалу мүмкін болмады. Ал елордалық құтқарушылар биылға маусымға сақадай саймыз деп сендірді. Түсуге болмайтын қауіпті су көздерінің маңына арнайы тақтайша да орнатқан.

«Сақтансаң сақтайды» деген бар. Биылғы маусымы басталмай жатып суға сүңгимін деп ажал құшқандардың көрсеткішІ тіпті сүреңсіз. Балаңызды бақылаусыз белгіленбеген жерге жібермеңіз. Суға шомылуда өзіңізде абай болыңыз деп мамандар кеңес береді.

Авторлар: Гүлзия Нақыпқызы, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы