Атыраулықтар масадан мезі болды

Атыраулықтарды маса мезі етті. Жергілікті билік зиянкестерді улауға 126 миллион теңге бөлген екен. Бірақ нәтижесі көрінбейді. Тұрғындар бұл жұмыстар жүйелі жүргізілмейді деп наразы.

Мұнайлы шаһарға көктем келсе болды таңнан кешке дейін маза бермейтін масаның кесірінен тұрғындар тысқа шығудан қалады. Серуендеудің өзі мұң.  Қаққаннан қашпайтын қансорғыштар қажытып бітеді. Биыл да атыраулықтардан маза қашқан. Олардың ойынша, маса улау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілмейді.

БЛИЦ:                               

- Масадан мүмкіндік жоқ жүруге. Балаларымызды да үйден шығара алмаймыз. Маса қатты толып кетеді. Ал улап жатқанын көрген жоқпын ал. Өтірік айтпаймын. Кешке шыға алмай қаламыз.

- Ауыл тұрғындары масадан мүлде жүре алмайды. Мына масадан халық көшеге шыға алмайды. Таңертең жұмысқа кеткеннен маса мазалайды шыны керек.

- Мына Азаттықтың бойында үйлердің алдына жазған еді: жақында улаймыз деген еді. Соларды көрмедім. Бірақ келген шығар біз жұмыста болғанда.

Мұнайлы шаһарда маса улау жұмыстарына 5 бригада, 43 дезинфектор, 8 автокөлік пен арнаулы құрылғылар жұмылдырылған.

Нұрлыбек Ахмедияров, мердігер мекеме өкілі:

- Көп қабатты үйлердің подъездері мен қасындағы учаскелерін улау, сосын ашық су бекеттерін улау жүріп жатыр. Сонымен қатар қаланың ашық территориялары, парктерді улау жұмыстары жүріп жатыр. Қаланың қасындағы ауылдық округтерде, мысалы, Атырау, Дамбы, Кеңөзек, Алмалы, Қайыршақты, Еркінқала ауылдық округтерінде масаға қарсы улау жұмыстары жүріп жатыр.

Жыл сайын масаның көбеюі табиғи құбылыс дейді мамандар. Олардың уға бейімделуі де тез көрінеді. Тіпті уақыт өткен сайын қазіргі қолданыстағы препараттардың күші кеміп барады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Маса көбіне осындай көп қабатты үйлердің тұрғындарын әбігерге салады. Залалсыздандыру шаралары бірінші кезекте шаһардағы 78 пәтер иелері кооперативіне қарасты 1100-ден астам көп қабатты үй мен балалар ойын алаңында жүргізілген. Сонымен қатар аялдамалар және қала маңындағы елді мекендер де қамтылыпты. Маса улауға биыл 126 миллион теңге бөлінсе, қазір соның 26 миллионы игеріліпті.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин