Жітіқара ауданындағы ауруханаға томограф алынды

Қостанай облысының Жітіқара аудандық ауруханасына заманауи компьютерлі томограф алынды. Медициналық  жабдықты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына жарияланған қайырымдылық істер марафоны аясында Комаров тау-кен кәсіпорыны тарту етті. Шалғайдағы аудан халқы үшін ағзаны терең зерттейтін мүндай аппараттың маңызы зор.

Әкелуі, орнатуы бар жалпы құны 175 миллион теңгеге түскен компьютерлік томография кабинеті салтанатты түрде ашылды. Аудандық аурухана үшін мұндай медициналық аппараттың алынуы ерекше оқиға.

Тогрул Умудов, Жітіқара аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- Соңғы үлгідегі бұл қондырғының қуаты зор, мүмкіндігі кең. Бір ауысымда 16 зерттеу жасалады. Қажет болса одан көп қабылдай аламыз.

Компьютерлі томографта жергілікті мамандар жұмыс істейді. Олар арнайы дайындық курсынан өткен. Алғашқы қаралушы Күләш Өтетілеуованы көптен бері тізе буындары мазалап жүр екен. Дәл диагнозы компьютерде көрініс тапты.

- Скажите, пожалуйста, когда операцию делают непосредственно что здесь меняют?

- Непосредственно меняют сегмент большой берцовой и малой берцовой костей.

Күләш Өтетілеуова, Жітіқара қаласының тұрғыны:

- Бұдан бұрын рентген, УЗИ-дан өттім. Сосын дәрігер томографияға түсу керек деді. Ол үшін Лисаков, Қостанайға бару қажет. Аяғың сырқырап жүргенде алыс жолу жүру оңай емес. Енді томография өзімізде ашылғанын естіп, қатты қуандым.

Комаров тау-кен кәсіпорынының әлеуметтік салаға көмек-қолдауы бұл бірінші рет емес. Тұрақты үрдіске айналған.

Қайрат Наурызов, Комаров тау-кен кәсіпорынының атқарушы директоры:

- Өткен жылы аудандық әкімдікпен 40 миллион теңгеге меморандум жасалған болатын. Біз бұл мақсатқа артығымен 55 миллион жұмсадық. Оның сыртында ковидке қарсы күреске Жітіқара аудандық ауруханасына 38 миллионға түрлі құрал-жабдық, қорғаныс заттары сатып алынды.

Жаңа компьютерлік томографияның игілігін тек жітіқаралықтар ғана емес, іргедегі Қамысты, Денисов ауданының тұрғындары да көре алады.

Авторлар: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг