Алматыда ағаштарды бетондап тастаған кәсіпкер жауапқа тартылды

Алматының Әуезов ауданында мердігер компания жиырмадан астам ағашты бетондап тастаған. Кәсіпкердің бұл әрекеті тұрғындардың ашу-ызасын туғызды. Себебі цементтің құрсауында қалған жасыл желектер көп өтпей қурап кетуі мүмкін.

Бұл Үлкен Алматы өзенінің Сәтбаев көшесі мен Абай даңғылының аралығы. Сол жағалауында құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Өзенді бойлай жаяу жүргінші жолы өтеді. Ағаштардың бетонмен қымталып жатқанын көрген адамдар дереу дабыл қағады. Кәсіпкердің немқұрайдылығына қайран қалған тұрғындар оны жауапкершілікке тартуды талап еткен. Өйткені кәсіпкер қойма салу үшін өзен жағалауындағы аумақты ағаштармен қосып бетондап тастаған.

Юрий Гервцев, қала тұрғыны:

- Бұлай істеуге болмайды. Олар құрылыс нысанының айналасын үнемі тазалап отырудан құтылу үшін бетондап тастаған. Алайда топырағы цементтелген ағаш бір жылдың ішінде қурап қалады. Өйткені ағаштың тамырына су бармай қалуы мүмкін.

Маржан Әділқызы, қала тұрғыны:

- Бұл іс-әрекетті дұрыс деп санамаймын. Себебі біздің экология қазірдің өзінде таза емес деп айтсақ болады. Оның үстіне бізге таза ауа сыйлап тұрған табиғаттың құбылысын өз қолымызбен құртқанымыз мүлдем дұрыс емес.

Әйтеуір бұл заңсыздық қалпына келтірілетін болды. Әлеуметтік желідегі жазбадан кейін экологтар мен құқық қорғаушылар келіп тексеру жүргізген. Кәсіпкерге ағаштардың түбін бетоннан босатуға үш күн уақыт берілді. Ал мердігер компанияға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.

Ғалия Төлегенова, тұрғын үй саясаты басқармасы әуезов ауданының бас экологы:

- Жасыл желектер де демалу керек, суарылу керек. Бұл ағаштардың өскеніне біраз жыл болды ғой, көлеңке береді, адамдар демалады, жүреді мұнда. Ол кісілерге Әкімшілік кодекс бойынша 505-бабына сәйкес айыппұл салынды. Содан соң біз олармен мына ағаштардың түбін бетондарын ойып, кеңейтіп, қара топырақ сеуіп, дұрыс суаруға дайындаңыз дедік.

Ауданда жыл басынан бері осындай үш факті тіркелген. Мұндай жағдайлар былтыр да болған. Заңсыздыққа жол берген құрылыс компанияларына қанша айыппұл салынса да өзгелеріне сабақ болмай тұр.

Айта кетейік, ағашты заңсыз кескендерге ақшалай айыппұлдан бөлек 20 тал егіп, өскенше күтіп баптау міндеттеледі. 

Авторлар: Аршын Кемелжанұлы, Әден Нарынбаев