Алматы облысының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады

Алматы облысындағы үш ауысымды мектептердің мәселесі қашан толық шешіледі? Шалғай ауылдар қай жылдары медициналық мекемелермен қамтылып болады?

Өңір басшысы Амандық Баталов бүгін елордаға келіп, осы сынды бірқатар өзекті сұраққа жауап берді. Сондай-ақ Жетісу жерінің әлеуметтік-экономикалық даму барысын баяндады.

Алматы облысында 742 елді мекен бар. Өңірдегі халықтың 70 проценті ауылда тұрады. Алайда 86 елді мекенде медициналық мекеме жоқ. Мәселені шешу үшін 1 млрд теңге бөлінген. Әкім «биыл ауылдарда 20 медициналық бөлімше ашамыз» деді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын жасадық ғой. Соның бір пункті, соны бітіріп жасау 2025 жылға дейін. Мына біздің бөлген қаражат, жасаған жобамызға қарай соның бәрін 2023 жылы сол мәселенің бәрін тікелей бітіреміз деп жоспарлап қойдық 2025 жылға жеткізбей.

Үш ауысымды мектептердің де мәселесі таяу жылдары толық шешілмек. Өңірде халық саны өсіп барады. Жыл сайын Жетісу жерінде шамамен 50 мың сәби дүниеге келеді. Биыл 47 мың бала бірінші сыныпты бітіріп жатыр. Бала көбейген соң мектеп салу да қарқын алған. Амандық Баталов «бірер жылда үш ауысымды мектептерден құтыламыз» деді.

Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі:

- Бағдарламамыз бар. Оны 2025 жылға дейін жасап қойдық. 28 мектеп салып жатырмыз біз. Оның жетеуі жол картасының арқасында. Оның 15-ін осы жылы іске қосамыз. Қалғаны келесі жылға өтеді.

Енді газдандыру жайында. Былтыр облыс тұрғындарының шамамен 60 проценті газға қол жеткізді. Биыл тағы 23 елді мекен көгілдір отынға қосылады.

Әкімнің айтуынша, ауыз сумен өңірде проблема жоқ.

Автор: Қорған Қонысбайұлы