Қарағандыда өткен ҚХА жиынында 18 этно-мәдени бірлестік өкілдеріне алғыс жарияланды

Ғаламдық пандемия әлем экономикасын әлсіретіп, тұрақтылығына сызат түсіргенімен біздің елдің басты құндылықтарына кері әсерін тигізе алмады. Ұлтаралық татулық пен келісім жолындағы нақты жұмыстар жалғасын табуда. Бүгін Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» сессиясында айтылған мәселелерді талқылауға бас қосқандар осылай деді.

Қазіргі ғаламдық тренд ел азаматтарынан да жаңаша көзқарасты қажет етеді. Сондықтан бірлік пен татулық тарапындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру бір сәтке тоқтамауы тиіс. Бұл тарапта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлт татулығы Қазақстанның басты байлығы екенін әркез айтып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 29-сессиясында да осы мақсаттағы басты 5 бағыт айқындалған болатын.

Абзал Нүкен, облыс әкімінің орынбасары:

- 30 жылдағы ел тарихы, тәуелсіздік пен шежіресі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты. Осы ҚХА-ның құрылуы да Елбасының ынта-жігерінің арқасында құрылғанын барлығымыз жақсы білеміз. «Ырыс алды ынтымақ» деп халқымыз бекер айтпаған. Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның кең байтақ жерінде тұратын халықтың достығы мен бірлігі баршамыздың ортақ байлығымыз болып отыр.

Ассамблея жұмысын этникалық мәселемен ғана шектеледі деп түсіну әбестік. Бүгінгі күні Ассамблея қоғамдық бақылау, қайырымдылық пен медиация саласында да елеулі еңбек еткенін көрсетті. Көп балалы аналарды қолдау мен қорғау саласында да бірқатар жұмыс жүргізіледі.

Алтын Қаникар, кәсіпкер, көп балалы ана:

- Жалпы клуб миссиясы бақытты әйел, бақытты бала, бақытты ел болғандықтан біз әйел азаматтарына кәсібін онлайн форматқа ауыстыруға білім беріп, қолдау көрсетіп отырмыз. Нақты айтсақ, «Серпін» академиясында 6 нақты курс жазылған, соны оқып өз кәсіптерін жалғастырады.

Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік саясатты дамыту жолында екпінді еңбек еткен 18 бірдей этно-мәдени бірлестік өкілдеріне алғыс жарияланып отыр. 

Авторлар: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев