Медициналық маскаларға сұраныс азайды

Бетперде импортының көлемі былтырмен салыстырғанда үш есе аз, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал отандық кәсіпорындарда бұл қорғаныс құралының өндірісі 70% дейін төмендепті.

Жаз келісімен адамдар осы жылдың басты аксессуарынан бас тарта бастаған сыңайлы. Бірі күн ыстықта маскамен демалу қиын десе, енді бірі бет терісінің бөртіп кеткеніне алаңдап, маска тақпайды. Ал ең тәртіптілері санитарлық талаптарды бұзбауды ойлайды.

БЛИЦ:

- Ыстыққа қарамастан маскамен жүрмін. Санитарлық талаптарды бұзбау үшін. Жаңа ғана дүкеннен шықтым.

– Масканы үнемі кимеймін, автобусқа отырған кезде, адамдармен жақын тұрғанда ғана киемін.

– Бұл әр адамның әлеуметтік жауапкершілігі. Адам көп жерде бәрі маска киюге тырысады, ал жұмыста, кеңседе адам аз болса, ешкім маска кимейді.

Маска кимейтіндердің санымен қатар осы өнімнің өндірісі де азайған. Мысалы, 2020 жылы Қазақстанға 60 млн-нан астам медициналық маска әкелінді. Импорттық тауарды өндіруші Қытай мен Ресей болды. Ал биыл Денсаулық сақтау министрлігі 21 млн дана 3 қабатты медициналық маска әкелуге рұқсат құжаттарын берген. Негізгі өндіруші – Қытай мен Ресей.

Пандемия басталғанда отандық маска өндірушілердің жұмысы қызып тұрды. Осы кезеңде кәсіпорындардың әрқайсысы ай сайын 20 миллион данаға дейін маска шығарып отырған. Ал биыл жағдай басқа. 

Гүлмира Мұхамеджанова, ҚР медициналық бұйымдар өндірушілер қауымдастығының басшысы:

- 2021 жылы отандық тауар өндірушілердің өнім шығару көлемі әр кәсіпорында орта есеппен 65-70%-ке төмендеді. Оның басты себептері қауіпсіздік пен сапа талаптарына жауап бермейтін импорттың үлесі үлкен және сатып алудағы баға демпингі болып табылады.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Былтыр тапшы болған тауар қазір жетіп артылады. Дәріханадан қорабымен 100 данасын бір-ақ аласыз ба әлде осындай автоматтардан бір-бірлеп сатып аласыз ба, бәрібір. Бастысы оның сапасы. Вирустардан қорғап, еркін демалуға мүмкіндік беретін жақсы масканы қалай таңдауға болады? Қазір айтып береміз.

Гүлмира Мұхамеджанова, ҚР медициналық бұйымдар өндірушілер қауымдастығының басшысы:

- Масканың сапасын былай тексеруге болады. Қайшымен ортасынан кесеміз. Жақсы, сапалы маска үш қабаттан тұрады. Бұл спанбонд мелтблаун және спанбонд материалдары. Соның ішінде ортасындағы ақ мата мелтблаун деп аталады. Ол адамды түрлі микроорганизмдерден қорғайды. Ауаны тазартатын фильтр деуге келеді. Маска жасағанда қолданылатын ең маңызды әрі қымбат шикізат осы мелтблаун. Егер ол болмаса, маскадан еш пайда болмайды.

Байқағанымыз көпшілік масканы қорабымен, бірден 50-100 данадан алып қояды. Тек оны үш сағат сайын ауыстырып отыратындар шамалы.

Ал дәріхана қызметкерлері масканы ең өтімді тауарлар тізімінен әлі ала қойған жоқ. Бұған медициналық бұйымдардың бір жылда біршама арзандағаны да себеп болуы мүмкін.

Виктория Свидерская, дәріхана қызметкері:

- Сұраныс бар. Маска сатып алатындар өте көп. Таңнан бастап келеді. Көбіне 4-төрт данадан сатып алады. Бағасы 30 теңге. 

Ал денсаулық сақтау министрі биыл күзге қарай маскалық режим тоқтауы мүмкін деп мәлімдеді. Бірақ ол үшін қазақстандықтардың басым бөлігі вакцина алу керек.

Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров