Көктемгі дала жұмыстарын аяқтауға қаржы институттарынан 128 млрд теңге бөлінген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі дала жұмыстарын толық көлемде және оңтайлы мерзімде жүргізу үшін жағдай жасауды тапсырған болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір осыған орай барлық өңірде егіс науқаны жүріп жатыр. Бүгінде жалпы алаңның 88 проценті қамтылып, 16 млн 700 мың га алқап игерілуде. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 млн гектарға артық. Оның ішінде дәнді дақылдар 13 млн 100 мың және майлы дақылдар 2 млн 700 мың га жерге егілді.

Биыл әкімдіктерге әлеуметтік маңызы бар дақылдардың, оның ішінде картоп, қарақұмық, қант қызылшасы, майлы және жемшөп алқаптарын кеңейту тапсырмасы берілді. Мәселен, Қостанай облысы бойынша жалпы егістік көлемі – 4 млн 900 мың га. Өңірдегі егіс науқанына осы жылы 25 млрд 600 млн теңге бөлінген.

Гәуез Нұрмұхамбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Соңғы аптада ауа температурасы +36 градусқа дейін барды. Құрғақшылықтан сақтану үшін дәндерді әдеттегі нормадан тереңірек ектік. Жауын-шашын мөлшері былтырғыдай болмаған соң, топырақты нығыздап жатырмыз.

Ақмола облысында да аптап ыстыққа қарамастан шаруалар көктемгі егіс науқанын аяқтап қалды. Биыл олардың жұмысына 33 млрд теңге субсидия бөлінген. Егіншілер ылғал жабу, жер жырту және өңдеу сияқты маңызды технологиялық шараларды уақтылы жүргізген. Тексерілген тұқымдардың 90% 1 және 2 егістік стандартына сай келеді.

Ерден Елеулов, кәсіпкер:

– Егіс науқаны 12 мамырда басталды. Науқан аясындағы жұмыстар толық орындалды деп айта аламыз. Мемлекеттің қолдауы арқасында ауыл шаруашылығы техникасын жаңартып алдық.

Тыңайтқыштарды жеткілікті мөлшерде қолдану – өнімділікті арттырудың маңызды факторы. Шаруалар жарты млн тоннаға жуық минералды тыңайтқышпен қамтамасыз етілді. Оның ішінде фермерлерге 400 мың тоннасы жеткізілді. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 40 мың тоннаға артық.

Айдарбек Сапаров, ҚР ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

– Дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрады, бұл нарықтан 14% арзан. Жалпы, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейі оң динамиканы көрсетіп отырғанын атап өткім келеді. Тұтастай алғанда, республика бойынша 2021 жылғы бес ай ішінде 140 млрд теңгеге жуық 8700 бірлік техника сатып алынды.

Негізгі астық егетін облыстар мамыр айының ортасынан бастап науқанға кірісті, бұл ретте Ақтөбе, Маңғыстау және Жамбыл облыстары алдыңғы шепте. Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстарында аяқталуға жақын. Жалпы көктемгі дала жұмыстарын тәмамдауға қаржы институттарынан 128 млрд теңге бөлініпті.

Мирлан Алтынбек