426,04 518.00 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысында шағын бизнесті қолдау жалғасады

  • 131
  • UPD: 15:34, 28.05.2021

Жамбыл облысында өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 1200 кәсіпкерге қолдау көрсеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың басым көпшілігі жаңадан іс бастаса, бірқатары бизнесін ұлғайтқан. Бұл жобаларды қаржыландыруға 5,5 миллиард теңге бөлініп игерілген. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп ашқан тұлғалар қазір тірлігін тіктеп, шаруасын табысты жүргізіп отыр.

Гүлнәр Абдуллаева тігіншілікпен 14 жылдан астам уақыттан бері айналысып келеді. Ұлттық нақышта киім тігіп, киіз үй жабдықтарын жасайды. Ол былтыр кәсібін кеңейту үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгініп 6 миллион теңге көлемінде несие рәсімдеген.

Гүлнәр Абдуллаева, кәсіпкер:

– Керек болып жүрген құралдарымды, маталарымды алып алдым. Өндірісті көбейтуге екі жұмыс орнын аштым. Енді жылдың аяғына дейін 10 адамға жұмыс орнын ашуды үміттеніп отырмыз.

«Еңбек» бағдарламасы ауылда да, қалада да кез келген жобаны қаржыландыруға мүмкіндік береді. Проценттік үстемесі жеңіл әрі қол жетімді. Оның игілігін ауыл тұрғыны Жандар Кемпіреков те көрген. Ол  алған қаражатына 6 бас жылқы сатып алды.

Жандар Кемпіреков, Қаракемер ауылының тұрғыны:

– Оның пайдасы – бір жыл каникулы бар. Төлейтінім 4 пайызбен берді. Бір жыл уақыттың өзінде бірталай нәрсе істеп алуға болады.

Өткен жылы жеңілдетілген несиеге 1200 жамбылдық қол жеткізді. Оған «Еңбек» бағдарламасымен 4,4 миллиард теңге қаражат бөлінген.

Бауыржан Тәжібаев, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жамбыл филиалы бойынша несие бөлімінің басшысы:

– Еңбек бағдарламасы аясында Жамбыл филиалына мемлекет қорынан 3 млрд 772 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда өтінімдер қабылдануда. Жұмыстарды қабылдап жұмыс жасалуда. Одан бөлек, қордың өз қаражатынан биылға 2 млрд-тай қаражат игереміз деп жоспарлануда. 

Еліміз бойынша жыл басынан бері ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорымен жалпы көлемі 3 мың кәсіпкерге 18 миллиард теңге несие үлестірілген. Бұл қаражатқа 65 мың бас мал сатып алынған.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы