Ашаршылыққа арналған жинаққа еш жерде жарияланбаған жаңа құжаттар енген

Үш томдық кітапқа бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған жаңа құжаттар енген екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында Ресей архивтерінен алынған материалдар да бар. Мамандар осының барлығын небәрі 3 айда топтастырып, қалың елге жария қылып отыр.

Тоқсан жыл өтті. Қаймана қазақты тұқырта шеңгелдеген қасіреттің болғанына ғасырға таяп қалды. Бірақ санада әлі салқын сыз жатыр. Сол зұлматтан кейбір ғалым 2 миллионға жуық адам шейіт болды десе, енді бірі 4 миллионға тақады дейді. Нақты дерек жоқ. Өйткені, құпия құжаттар сақтаулы тұрған архивтердің сыртына құлып салынған. 

Талас Омарбеков, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Құрыштан құйылған әлгі құлпты біздікілер ақыры бұзған екен. Талай сырды ішіне бүккен архивтерді ақтара бастады. Там-тұмдап жинағандарын осы жинаққа енгізіпті. Осыған дейін ел естіп-білмеген мәліметтер бар деп сендірді.   

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Үш томдық кітапты небәрі 3 айда құрастырған. Ішінде 1200 құжат бар. Соның 500-ге жуығы осыған дейін құпия болып сақталып келген. Енді оны кез келген адам көріп, оқи алады. Сосын 175 құжатты Ресей Ресей архивтерінен тауып алған. Бұл тек басы ғана дейді мамандар.  

Берік Әбдіғали, жинақтың жауапты редакторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Одақтың оспадар орындаушылары оңдырмады. Төрт-түлікті тегіс сыпырды. Содан мал баққан қазақ жан баға алмай қалды. Қандықолдар малды ғана емес, ілім қуғандардың қолындағы құнды деген кітаптарын да тартып алып отырған. Оның барлығын растайтын құжзаттар осы жинақта бар.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Одақтың озбыр саясатын хәкім Абайдың ұлы Тұрағұл да қатаң сынаған. Онысын хатқа түсіріп, төрде отырғандарға төтесінен жіберіпті. Мұны да осы кітаптан тауып алуға болады. Мамандар мұнымен шектеліп қалмақ емес. Енді төртінші томын жариялаймыз деп бекініп отыр.

Берік Әбдіғали, жинақтың жауапты редакторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қаралы жылдарды әлі де қазбалайды. Біз білмейтін талай тың мәлімет шығады. Оның барлығы осындай кітап болып жарық көреді. Бұдан ұтарымыз не? Құпия болған бір тілім құжаттың өзі үлкен оқиғаның бетін ашып береді. Сондықтан бұл жинақ талай ғалымға, өткенді түгендеуге тырысып жүрген талай тарихшыға азық болары анық.

Дастан Сейілханұлы, Арман Ақшабаев