ДДСҰ QazVac вакцинасының әзірлемесін қолдайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы QazVac вакцинасын төтенше жағдай кезінде пайдалануға болатын дәрі-дәрмектер тізіміне қосу мүмкіндігін қарастырады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымның бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесуспен бейнеконференция форматында кездесіп, осы мәселені талқылады. Мемлекет басшысының айтуынша, вакцинаның тиімділік деңгейі – 96 процент. Қазіргі уақытта салалық органдар отандық екпеге келісім алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр. Тедрос Адханом Гебрейесус Қасым-Жомарт Тоқаевтың пандемияға қарсы күрестегі еңбегін жоғары бағалады. Тараптар алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің даму келешегін, атап айтқанда 2018 жылы қабылданған Астана декларациясын ілгерілету мәселесін қозғады. Мемлекет басшысы Қазақстанның бастамасы бойынша әзірленетін Алғашқы медициналық-санитарлық көмек туралы саяси резолюцияны қолдауға шақырды. Сондай-ақ сын-қатерлерді бірігіп еңсеру мақсатында тығыз ынтымақтаса жұмыс істеуге уағдаласты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сізбен тағы көрісіп отырғаныма қуаныштымын. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сессиясында айтқан ойларыңызды қолдаймын. Ұйымның қаржылық тәуелділігі турасында ойлануымыз керек. Әлем бойынша тұрғындардың 10 процентін қыркүйек айына дейін вакциналау жөніндегі стандартты бекіту өте дұрыс шешім болды. Біздің ел ұйыммен бұрыннан серіктес. Оны жан-жақты қолдайды. Сіздің қажырлы еңбегіңізді жоғары бағалаймыз. Ұйымның елімізге нақты көрсеткен қолдауы, яғни пандемияның алғашқы айларында қорғаныш құралдары мен медициналық жабдықтарды жеткізіп бергені үшін ризашылық білдіремін. Біз жоспар бойынша Қазақстан азаматтарының 55 процентін вакциналауды жоспарлап отырмыз. Бұл іс сәтті жүзеге асырылуда. Процесті толық мониторингілеп отырмыз.

Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры:

– Пандемия басталғалы Қазақстандағы жағдайды бақылап отырмыз. Өзекті мәселелерді өз бақылауыңызға алып, тиісті шешімін қабылдап келесіз. Вакциналау көрсеткіші жақсы. Жыл соңына дейін қойған жоспарларыңыз да көңіл қуантады. Көптеген ел мұндай мұндай деңгейге жеткен жоқ. Халықтың 55 процентіне екпе саламыз деген мақсаттарыңыз қолдауға тұрарлық.