Ақтөбе іргесіндегі ауылға газ қажет

Ақтөбедегі Жаңақоныс-4 ауылының тұрғындары инфрақұрылымның жоқтығына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар елдімекеннен жер алып, одан барын сатып үй салғанымен, су және жылу желісінің жоқтығынан әбден ығырлары шыққан. Жауапты орган өкілдерінің уәдесінен шаршаған жұрт бүгін облыс әкімдігіне дейін барды.  

Светлана Лещенконың отбасы ұзақ жыл армандаған үйді тұрғызғанда қатты қуанған еді. Бірақ қабырғасын қалап, төбесін жапқаннан кейін құрылысты кенеттен тоқтатты. Себебі, шенеуніктер ауылға қажетті инфрақұрылымдық желінің әзір тартылмайтынын айтыпты. Соның салдарынан жаңа баспана қыс бойы қаңырап бос тұрды.

Светлана Лещенко, Жаңақоныс-4 ауылының тұрғыны:

Үйдің шаруасын жасай алмаймыз. Терезені де қоя алмаймыз, ішкі құрылысты да жасай алмаймыз. Себебі газ келмесе, ол затты жасап керек емес. «Біз жаңағы теплотрассаны жүргізу керек» деп қаланың ең шетінде тұрсақ екен. Қаланың жақын жерінде тұрмыз. Осыны жасай алмай тұрмыз ғой.

Светлана секілді аңсаған жер теліміне қолжеткізген жұрт баспана салуға белсене кірісіп, соңғы үш жылда ондаған үй тұрғызған. Алайда, тұрмысқа жайлы жағдай болмауынан көшіп келе алмай отыр. Атап айтқанда ауылда жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып, жарық желісін әрең тарттырғанымен, ауыз су мен жол да жоқ. Ал қоныстанып, тұрақты тұру үшін ең алдымен көгілдір отын қажет дейді тұрғындар. Олардың айтуларынша, былтыр елді мекен қарайтын аудан әкімдігіндегілер газ тартуға уәде беріп, бір ай бұрын жұмыс атқаруға тендер жарияланғанын жеткізген. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар қайта тоқтапты. Мәселелерін шешіп беруді талап еткен тұрғындар бүгін облыс әкімдігіне жиналды.

Қарлығаш Қарманова, Жаңақоныс-4 ауылының тұрғыны:

Енді суды адам өзі тасып, бірдеңе қылар. Газ жоқ, жылу жоқ жерде адам қалай отырады? Ал соны енді бір жағына шығарып беру керек қой. Басқа ештеңе сұрап жатқан жоқ халық олардан.

Әділхан Әнешов, Жаңақоныс-4 ауылының тұрғыны:

Биыл уәде етілген газды әкеліп берсінші деп талап етеміз. Осы артымызда көріп тұрсыздар, біраз халық жиналып тұр. Сондықтан біздің арыз-тілегімізді орындайды деген оймен келіп тұрмыз.

Әкімдік қызметкерлерімен кездескен бір топ адам сауалдарын жаудырды. Белгілі болғандай, газ тартуға қатысты қаржы бөлу үшін республикалық бюджетке жолданған өтініш мақұлданбаған. Сондықтан, көгілдір отын желісін жүргізуге орай басталған байқау да тоқтаған. Дегенмен, жауаптылар тұрғындар өтініші жерде қалмайды деп сендірді.

Мамырғали Аққағазов, Астана ауданының әкімі:

– Республикадан бөлінетін қаражат болмауына байланысты жергілікті бюджеттен қарау жолдары қарастырылуда. 259 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Сондықтан сіздердің мәселелерінің биылғы жылы шешілетін мәселелердің ішінде бар.

Мәселенің нақты қашан шешілері әзірге белгісіз. Сондықтан қала іргесіндегі ауылдан үй тұрғызғандар, мұнда күнде келіп кетуге мәжбүр. Себебі, елді мекенде құрылысқа қажетті материалдарды ұрлау белең ала бастаған.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев