Доссор кентінде 69 ғимарат құлағалы тұр

Атырау облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілгенімен, апатты үйлердің мәселесі шешілер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір ғана Доссор кентінде құлағалы тұрған 69 ғимарат бар.

Өткен ғасырдың 50 жылдары пайдалануға берілген үйлердің тозығы жеткен. Жұрт қабырғасы қақырап, іргесі сөгілген баспаналарда тұрып жатыр. Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар. Бірақ олар апатты үй тұрғындары тек кезекпен ғана жаңа үйге көше алады дейді.

Доссор кентіндегі мына екі үйдің тұрғындары жаңбыр жауып, жел көтерілсе әбігерге түседі. Онсыз да қиюы қашқан шатыр жабындысының жартысын жел ұшырып әкеткен. Ал қақырған қабырғалардың әр жағынан күн көрініп тұр.

Лаура Есентаева, апатты үйдің тұрғыны:

– Тарс етіп төбе түскенде ішінде баламен отырдым. Балам 2 айлық. Отырмыз қорқынышпен, баратын жеріміз жоқ. Әкімге де барамыз «мемлекеттік мұқтаждыққа алыңызшы, жерімізді берейік» деп. Оның да шешімін таба алмай жатыр.

Қазір 8 пәтерлік үйде 2 отбасы тұрып жатыр. Жаңыл Аяпбергенованың 4 сәбиінің бірі сырқат. Бүйрегі істен шыққан Санжардың өткен қыста құлағына салқын тиіп естуден қалыпты.

Жаңыл Аяпбергенова, көп балалы ана:

Екі құлағының барабаны тесіліп, құлағы естуі нашарларды биыл. Үйдің салқындығы кесірінен 2021 ақпанында қайта операция жасаттық. Менің үкіметтен сұрайтыным жаңа үй берсін көп балалы жанұямыз. Бұйырса, бір-екі айда тағы сәбилі боламыз. Ол сәбиді мына үйде бағудың өзі бізге қиын болғалы тұр. Үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқамын.

Бұл жағдайдан жергілікті билік хабардар. Олар ғимараттың шатырын жөндеп, қабырғасын жамауға демеушілер арқылы қаржылай көмектесіп келеді. Ал баспана беруге кент әкімінің құзіреті жетпейді. Мәселенің осынша ушығуына тұрғындардың да кінәсі бар дейді жауаптылар. Себебі, баспананың нашарлығынан жан-жақта босып жүргендердің бастарын құраудың өзі қиын іс екен.

Болат Ермеков, Доссор кентінің әкімі:

– Бұл 1950 жылы салынған үй, күні бүігінге дейін әртүрлі адамдар тұрып келді. Бір-біріне жалғастырып сатып кетіп жатқандары бар. Сондықтан бұл үйдің жағдайы күрт төмендеп кетті. Қазіргі таңда бұлар апатты үй ретінде үй кезегінде тұр. Сол кезек келмейінше бұларға үй берілмейді.

Осы Құдабаев көшесінің қиылысындағы мына қос қабатты үйдің 2018 жылы шатыры жанып кеткен. Тек шатыр емес, мұның біраз жері өртенген. Әлі күнге ол да қалпына келітірілмепті. Жалпы, Доссор кентінде экспертизалық сараптамасы шыққан 69 апатты жағдайдағы үй тіркелген екен. Ал оның сыртында осы күнге дейін адамдар тұрып жатқан 1911-12 жылдары салынған үйлер де бар.

Биыл жыл аяғына дейін Доссорда 60 пәтерлік жаңа үйдің құрылысы аяқталады. Алайда, ол үйден Құдабаев көшесі тұрғындарына баспана бұйыра ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Әзірге құлағалы тұрған үйде көп балалы екі отбасы күнелтіп жатыр.

Авторлар: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов