Түркістан облысында жоғалған жеті баланың қалған төртеуі іздестірілуде

Түркістан облысында жоғалған жеті баланың үшеуі Өгем шатқалынан табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Үшеуі де аман-есен. Медициналық немесе психологиялық көмекке мұқтаж емес. Қазір Төле би ауданында орналасқан шұғыл штабқа жеткізіліп, ата-аналарына тапсырылды. Қалғандарын іздеу жалғасып жатыр. Олардың туыстарымен психологтар жұмыс істеуде.

Жоғалған балалардың бірі:

– Біз 21-і күні пикқа шықтық. Екі күн пикқа жеткеннен кейін қайтып келе жатқан кезде жолда адасып кеттік. Жеті адамның бір кісі ауырып қалды. Сол үшін үшеуі бір орында қалды да, төртеуі ары қарай кетті. Үшеуміз үш күн түнедік сол жерде. Бүгін шығып келе жатқан кезде бізді ТЖМ қызметкерлері тауып алды.

Ерік Сарыбаев, Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары:

– Құтқарылған азаматтардың айтуынша, бұл үш жігіттің ішінде біреуі сырқаттанып қалған. Айтулары бойынша, кішкене суықтап қалған. Сосын сіздерді қуып жетеміз деп, төртеуін алға қарай жіберіп, бұлар артта қалған екен. Табылғандардың айтуынша, қалған төртеуі Өгем шатқалынан төмен қарай кеткен дейді. Сол жерлерді тікұшақ арқылы зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Бірақ басқа бағыттарда да біз іздеу жұмыстарын тоқтатып жатқан жоқпыз.

Қазір құтқарушылар іздеу жұмыстарын алты бағыт бойынша жүргізіп жатыр. Биік таулы аймақты шолу үшін Алматыдан арнайы тікұшақ алдырған.

Еске салайық, жеті адамның 21 мамыр күні Сайрам-Өгем табиғи Ұлттық паркіне саяхатқа шығып, содан оралмағаны туралы айтқан болатынбыз. «Олар ата-аналарына үш күннен кейін қайтамыз» деп ескертіп кеткен екен.