Шымкенттіктердің көгілдір отынға деген берешегі көбейген

Шымкент қаласы тұрғындарының көгілдір отынға деген берешегі күн санап көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Миллионды қаладағы 210 мыңға жуық тұтынушының 66 мыңы 2 млрд теңгеден астам қарызын қайтармай отыр. Тіпті газбен жабдықтау жүйесіне рұқсатсыз бірнеше рет қосылып, заңсыз әрекетке барғандар көп. «ҚазТрансГаз Аймақ»-тың мамандары үйді-үйді аралап, тексеру жүргізді.

Тексеріп келгендер есікті ашпаған тұрғынның бұл әрекетіне үйренісіп қалғандай. Себебі бұған дейін мамандар тұрғын үйді көгілдір отыннан 10 рет ажыратыпты. 2019 жылы ғана алғашқы және соңғы 200 мың теңге төлем жүргізген тұрғындар газды заңсыз пайдалануға көшкен. Нәтижесінде бүгінгі күні жиналған қарыз бен айыппұлдың көлемі 800 мың теңгеден асып түскен.

Мұқағали Миятбек, «РЦКУ Шымкент» ЖШС директорының орынбасары:

– Дебиторлық берешегі бар тұтынушылар бір рет біз дәнекерлеу жұмыстарымен өшіргенде ол кісілер қайта табиғи газды өз еркімен қосып алғаны үшін АКТ толтырылып, айыппұл салынады. Одан кейін ол кісілердің материалдарын жинақтап қайта сот оргондарына өткізіп, олардың карталарын бұғаттап, шет мемлекетке шығуына тыйым салынады.

Келесі тұтынушының да жағдайы күрделі. Бүгінгі күнге дейін 300 мың берешегі бар. Газ жүйесі тағы да ажыратылды. Төлеуден қашпаймыз деген олар құжаттардан кедергі туындағанын айтып, ақталды.

Марат Балабаев, «РЦКУ Шымкент» ЖШС Еңбекші ауданының басшысы:

– Бұл кісілерге құжаттарын заңдастыру керек мекемеге барып. Біз бұл кісілерге бір рет өшірілім жасағанбыз. Ол үшін айыппұл салынған бұл кісіге. Оның өзіне газға 2-3 рет қосылып жатыр. Ол кісі құжатын «КазТрансГаз» мекемесіне келіп, заңдастыру керек.

Елімізде халықтың «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 5 жарым млрд теңгеден асады. Шымкент қаласы өңірлердің көш басында болса, Түркістан мен Қызылорда облыстары 1 млрд теңгеден астам қарыз арқалаған.

Автор: Нұрсұлтан Мұхамеджан