426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысында тұқымдыққа арналған картоптан бактерия табылды

  • 80
  • UPD: 07:54, 29.05.2021
Павлодар облысында тұқымдыққа арналған картоптан бактерия табылды

Ертіс өңіріндегі бірнеше шаруа қожалығының егістік алқаптары үш жылдық мерзімге карантинге жабылуы мүмкін.

Себебі тұқымға арналған көкөністен «зебра зип» бактериясы табылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бүлінген картоп жойылуы тиіс. Бүгінде қоймалардағы картоптың жалпы құны 100 млн теңгеден асады. Дегенмен, фермерлер фитосанитарлық қызмет жасаған сараптаманың қорытындысымен келіспей отыр. Өйткені шаруалар картоп сынамаларын аккредиттелген тәуелсіз зертханаларға жолдаған. Нәтижесінде бактерия анықталмаған.

Айта кетейік, көкөніс тұқымы Германия және Франциядан тасымалданған. Элиталы өнім облыс аумағына әкелінген сәтте картопта ешқандай бактерия болған жоқ. Тиісті құжаттар да ұсынылған. Бұған қарамастан шаруашылықтарға өсімдіктер карантинін сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұл салынған. Іс сотта қаралып жатыр.

Тимур Қабдулов, шаруа қожалығының басшысы:

- Біздің картоп бактерия жұқтырмаған деп есептейміз. Себебі тәуелсіз зертханалардың қорытындысы бойынша бектерия жоқ. Сондықтан еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі тағы бір сараптама жасауды өтінеміз. Егер шешім өзгермесе, біз шығынға батып, тұқымдардан айырыламыз. Картоп тұқымын жаңарта алмаймыз.

Арман Шүйкенов, ҚР АШМ Аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

- Әкімшілік іс сотқа жолданды. Сот шешімі бойынша картоп бактерия жұқтырған болып шықса, көкөніс толық тәркіленеді. Кейін жойылады. Шаруалар кез келген сараптама жасауға құқылы. Нәтижелерін сот қарауына ұсына алады.

Хабар 24 телеарнасы