Ауыр техниканы тізгіндеген арулар арамызда жүр

Жамбыл облысында ауыр техниканы арулар тізгіндеп жүр. Олар егіс алқаптарында тер төгіп ғана қоймай, студенттерді диқаншылыққа баули бастады. Ерекше мамандық иелері қазір жастармен бірге бос жатқан жерлерді игеріп, пайда тауып отыр. Нәзік жандылардың қабілеті ауыл жастарының білім мен еңбекті ұштастыруына мол мүмкіндік беріп отыр.

Тракторшы Әсел Рахаева үшін  ауыр техниканы тізгіндеу таңсық емес. Ауылдың қарапайым келінінің тірлігі ешбір механизатордан кем түспейді. Бұзылса жөндеп, дала жұмыстарын да өзі істейді. Жақында ғана ол жергілікті ауыл колледжіне жұмыс істеуге шақыртылды. Мамандарды келіншектің ерекше қабілеті қызықтырған. Енді ол комбайн мен трактор жүргізу бойынша студенттерге сабақ беріп жүр.

Әсел Рахаева, тракторшы:

- 1-2 күн кетті үйренгенге. 1-2 күннен кейін нық отырдым. Бұл трактор қазақтың қайсар қыздарына таңсық нәрсе емес деп ойлаймын, бұл техниканы игеру қиын болған жоқ.

- Қанша жыл болды айдап жүргеніңізге?

- 3 жылдың көлемі болып қалды. 

Қазір колледжде Әселдің жүздеген шәкірті бар. Оларға білім беруде тың әдіс қолданылады. Ұстаз оқушыларды колледж қабырғасында ұстамай, алқап басына апарып білім береді. Студенттердің өздері трактор тізгіндейді, жер жыртып, шөп шабады. Әрі оған еңбекақы алады.

Ал техника бұзылса көмекке келетін тағы да осы ауылдың қыздары. Жазира Мәдібаева дәнекерлеу ісінің шебері. Ол трактордың сынған бөлшектерін жанама жапсыру, кесу тәсілін үйретеді. Білім ошағында дәл осындай түрлі техниканың тілін меңгерген 10-нан атсам қыз-келіншек жұмыс істейді.  

- Біз фермерді әдемілеп варить етуіміз керек. Өз жұмысымызды бастаймыз.

Жазира Мәдібаева, дәнекерлеуші:

- Мен үшін ауыр емес. Ауыр тапсырыстар алмаймын. Бірақ сабақты үйреткен кезде, мынадай нәрселерді үйреткенде бұлар макеттер жасап. Кәдімгідей қолдарының шеберліктерін дамытқаннан кейін дуальді оқыту бойынша практикасын әрі қарай сол келісім-шарт жасаған шаруа қожалықтарына барып өтеміз ғой. 

Арулар студенттермен бірлесіп биыл 100 гектардан астам жерге арпа еккен. Күзде одан түскен пайдаға білім ошағына қажетті шикізат пен керек-жарақты алады. Қазір қысқы мал азығын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.  

Ғалымжан Мамырбаев, колледж директоры:

- 245 гектар жер беріп отыр. Соның өзінде 90 гектар егістік жері. Соның қазіргі таңда 40 процентін игеріп тұрмыз. Ең керекті жұмысшы маман дайындау. Қазіргі біздің ауданымызға механизаторлар керек. Соларды сапалы мықты маман ретінде дайындап нарыққа бәсекеге қабілетті маман дайындау. 

Қазір ауылда мехнизаторлар мен техникалық мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Бұл бағытта «Жас маман» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Оған фермер шаруашылығы және дәнекерлеу мамандықтары енген. Ал бұл саланы ауыл жастарына арулар үйретіп жүр. 

Авторлар: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан

Сондай-ақ...