Ақтөбе облысындағы Бестамақ ауылының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр

Мәселе көтеріп, біраз табалдырықты тоздырған жұрттың жанайқайын естір құлақ әзірге болмай тұрған сыңайлы.

Маржан Отарбаева – су тапшылығын тартып отырған тұрғындардың бірі. Отбасындағы көп жанға тамақ дайындап, киім-кишегін жуу үшін оны мейлінше үнемдеуге көшкен. Тіпті, балабақшаға баратын және демалысқа келген немерелері де тіршілік нәрін тиімді тұтынуды үйрене бастапты. Ал түн мезгілінде ғана ағысы қатты ауыз суды бос ыдыстарға құйып алуды әдетке айналдырған. 

Маржан Отарбаева, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Өзім көпқабатты үйде тұрсам да, жолдасым мен балама жалынып, даладан дәретхана қаздырып алдым. Үйде су жоқ болғандықтан, сондай әрекетке барып отырмыз. Немерелерімді арасында нағашы әжелеріне жіберемін. Себебі су жоқ, не істейміз енді?

Бестамақтағы екі қабатты үйлердің тұрғындары ғана емес, тұтастай ауыл су тапшылығын сезініп отыр. Олар қыстан гөрі, күн ысыған жаз кезінде үздіксіз су тұтыну соңғы жылдары арманға айналғанын айтады. Ортақ проблемаларын тиісті мекемелерге талай жеткізген. Бірақ әзір түпкілікті шешілген емес. Сондықтан ауылдың әр бөлігіне кезекпен берілетін кестеге бейімделуден басқа амал жоқ.    

Күләш Көшекбаева, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Жай аққанның кесірінен әрине қиналамыз. Бізге су керек. Үлкен ауыл, су әрдайым ағып тұру керек. Су болмаса, біз ештеңе де істей алмаймыз. Нағыз тамақ істейтін уақытымыз, бала-шағамызды жуындыратын уақытта кешкісін су болмай қалады.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

– Ауылдың сумен қамту жүйесін жаңғырту жұмыстары соңғы рет осыдан он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Ол кезде қажеттілік болмаған соң, жобада көше бойына колонка орнату қарастырылмапты. Дегенмен қазіргі су тапшылығы мәселесіне орай елді мекенге үшеуі қойылған. Онда да күндізгі уақытта су ақпай тұр.

Жергілікті әкімдік пен сумен жабдықтаушы мекеме өкілдерінің айтуынша, бұл мәселе тұрғындар санының көбеюінен туындап отыр. Себебі ауылға алғаш рет су жеткізілгенде, жобада 3300-ден астам адамды қамту көзделген. Ал қазіргі көрсеткіш бір жарым есеге артық. Сәйкесінше, тұтыну мөлшері де едәуір ұлғайған және қанша ескерту жасалса да үйлер бау-бақшаға ауыз су қолдану тыйылмай отыр. Салдарынан жерасты су қоры қажеттілікті дер кезінде өтей алмайды дейді.

Нұрлан Дәулетов, «Алға-жылу» КМК директоры:

– Үш ұңғымамыз бар жоба аясында жасалған. Сол үш ұңғыма тәулігіне 24 сағат тоқтаусыз жұмыс жасауда. Дегенмен де су тапшылығы бар. Сол себептен әкімшіліктен келісім алып, осы тұрғындарға кестемен берудеміз.

Ауылдағы ауыз су тапшылығын жою үшін қазір іргедегі Елек өзенінен құбыр тартылып жатыр. Оның суы бау-бақша және жасыл желек қорына бағытталмақ. Жалпы құны 10 млн теңгеден асатын бұл жоба жұмысы бір ай көлемінде аяқталады.

Әнуабек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев